Орал-Ақсай тасжолының 77-ші шақырымында үш адамның өмірін қиған жол апаты болды.
Бір-біріне қарсы келіп соғылған қос "Фольксваген Шаран" көлігінде 12 адам болған. Олардың үшеуі ( 1 ер, 2 әйел) оқиға орнында жан тапсырған. Қаза болғандардың екеуі қызыл түсті Шараннан (мемнөмірі 106DAA07 )- жүргізушісі жəне жолаушысы. Көк Шарандағы тағы бір жолаушының өмірі жол үстінде үзілген. Қалған 9 адам Ақсай қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Аурухананың бас дəрігері Жұмабек Шайхиевтің айтуынша, жеткізілген жолаушылардың біреуінің іш құрылысына ота жасалған, жағдайы ауыр, қазір жансақтау бөлімінде. Қалғандарының өміріне төніп тұрған қауіп жоқ деп айтуға болады.
Оқиға орнына жеткен сайт тілшісі жол апатының куəгерлерімен тілдесуге мүмкіндік алды.
- 163ELA07 нөмірлі Шаранның жүргізушісі танысым еді. Менің артымда келе жатқан. Қарсы алдымнан зу етіп өте шыққан қызыл Шаранды да көрдім. Жол апаты болған екен. Меніңше, қызыл көлік жолдағы шоқалақтан қашамын деп осындай жағдайға тап болған сияқты. Немесе шұңқырға соғып алып, доңғалағы жарылған болуы мүмкін, - деді оқиға куəгері.
Оқиға орнында қарсы бағытқа шыққан көлік ізі асфальтты сызып ап-анық көрініп жатыр. Оралды бетке алған көк көлік жолдың жиегіне қарай бұрылса да, соққыдан аман қалмаған.
zhaikpress.kz