Облыс аумағындағы Орал-Ақтөбе, Орал-Самара және Орал-Саратов автожолдары ақылы болмақ. Орал қаласында өткен қоғамдық тыңдауда «QazAvtoJol» ҰК» АҚ өкілі Берік Хасенов жаңа жоба жөнінде хабарлады. Қоғамдық тыңдауға Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Кульбаев, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ БҚО филиалы басшысының орынбасары Жасқайрат Ғаббасов, облыстық басқармалар мен қалалық бөлім басшылары және тұрғындар қатысты.
– Аталған күре жолдар екінші техникалық санатқа жататындықтан, жүк көліктері жүргізушілеріне ғана ақы төлейді. Батыс Қазақстан облысы – басты транзиттік жолдар күретамыры орналасқан өңір. Орал-Ақтөбе автожолы арқылы тәулігіне 3 мыңға жуық, Орал-Самара арқылы 3,5 мыңдай, Орал-Саратов бағыты бойынша 1,5 мың жүк көлігі өтеді. Республикалық бюджет есебінен халық игілігіне деп салынған автожолдарды ондаған тонна жүк тиелген көліктер тез тоздыруда. Ауыр салмақ салдарынан асфальт беті бүлінуде. Күре жолдар бойындағы ауқымды автокөлік легін ескере отырып, болашақта ақылы жүйені енгізуді ұсынудамыз. Жүк көліктерінен түскен төлем есебінен автожолдарды күтіп ұстауға, жыл сайын жөндеу жұмысын жүргізіп отыруға, жол бойында сервистік қызмет көрсететін нысандар салуға қаржы жұмсалады. Бұл жобаға инвестор тартылады. Ең бастысы, жолаушы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз, - деді Берік Хасенов.
Кездесуде қоғам белсендісі Азамат Муссилов автожолдарға байланысты ақылы жүйені қолданысқа енгізбестен бұрын еуростандарт бойынша жол сапасын қамтамасыз етуді, күре жол бойында жүк көлігін жөндейтін техникалық орталықтар, автокемпингтер салуды қолға алу керектігін, жол күтіміне назар аударып, қысқы кезеңде жолды жауып қалатын қарды уақытылы аршуға көңіл бөлу керектігін айтты.
«QazAvtoJol» өкілдері бұл жоба қоғам сүзгісінен өтіп барып іске қосылатынын, белсенді азаматтар пікірі ескерілетінін жеткізді.
Автожол желісін кеңейту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар Сырым және Теректі ауданындарда да өткізіліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірі тыңдалған. Қазіргі кезде ақылы автожолдар мәселесі өзекті болып отыр. Көршілес РФ Самара және Саратов бағытындағы халықаралық маңызы бар екі тас жол, сондай-ақ Орал мен Ақтөбені байланыстыратын көлік артериясы заманауи, ыңғайлы және қауіпсіз автожолға айналмақ. Жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көліктерінен ғана алынады, жеңіл көліктер күре жолдар арқылы тегін өтеді. Үш автотрассада жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін сақтауды және асфальт жабындысына, жол бойындағы инфрақұрылымға тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен тестілік режимде іске қосылады.
«QazAvtoJol» ҰК өкілдері қоғамдық тыңдауларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің ерекшеліктері туралы түсіндіріп берді. Мамандар ақылы жол учаскелері қауіпсіз болатынын, үнемі жөнделетінін және жол төсемі мен жол бойындағы сервистік қызметі өзге жолдарға қарағанда сапалы екенін атап өтті.
Сондай-ақ Орал-Ақтөбе жолында және Орал-Самара, Орал-Саратов жолдарының қазақстандық учаскелерінде пилоттық режимде үш бақылау аркасы және клиенттермен жұмыс істейтін орталық орнатылғанын хабарлады. Аркалардағы жоғары жылдамдықты камералар ақылы учаскелер бойынша автомобильдердің жүруін, олардың қозғалу жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т.б. деректерді тіркейтін болады. Бұл ретте күре жолдарда тұрақты төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Кедергілер қойылмағандықтан, жол бойында кептелістер болмайды, бұл артықшылық қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады.
Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз тәсілмен және алдын ала төлем бойынша жүргізілетін болады. Бұл да – қауіпсіздік саясатының бір бөлігі, өйткені жүргізушілер ақы төлеуге назарын аудармай, алаңсыз көлікті жүргізе береді. Үш күре жол бойынша жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жол бойындағы сервис сапасын күшейтеді. Атап айтқанда, сервистік қызмет арқылы жолды тәулік бойы патрульдеу, техникалық және өзге де мәселелер туындаған кезде жүргізушілерге көмек көрсету, жол жабынының және жарықтандыру, жол белгілері ақауларын жедел жөндеу, жол бойын қоқыстан, қардан тазарту, жүргізушілерді хабардар ету жүйелерінің жұмысын бақылау, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйелері іске қосылады.
Ұлттық компания өкілдері БҚО-да қауіпсіз және жайлы ақылы автожолдар желісін дамыту өңірді – ірі көлік-логистикалық торапқа айналдыратынын ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын және бизнес нысандарын ашуға жағдай жасайды. Ақылы жолдар аймақтың көптеген тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама ауқымында төрт жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауысады. Бағдарламаны жүзеге асыру жоспары бойынша Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бірлесіп төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдады. Жүйенің ерекшелігі – учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Әр учаске бойынша қандай автокөліктерден төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тікелей байланысты. Мәселен, І техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөлік, ал ІІ және ІІІ техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды. Осы орайда алғашқы ақылы учаске енгізілген кезден бастап бүгінгі күнге дейін ақылы жолдардың тарифтеріне өзгеріс енгізілмеген, яғни бағасы да өспеген.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz