Мемлекет басшысының ұшу географиясын кеңейту және халықаралық әуе рейстерін көбейту тапсырмасы бойынша Орал қаласының әуежайында «ашық аспан» режімі енгізілді. Яғни бесінші дәрежелі «әуе еркіндігін» пайдалану құқығы берілді.
Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz
Тиісті құжатқа ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев қол қойды. Демек қазіргі таңда елімізде 15 әуежай «ашық аспан» қағидасына сәйкес жұмыс жасайды. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавлов, Семей, Түркістан, Қостанай және Орал қалаларының әуежайлары бар.
«Ашық аспан» жүйесін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Бұл шетелдік әуе компанияларының Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдердің қалаларына ұшуына жол ашады.
Сонымен қатар Орал қаласы тұрғындарының өтініші бойынша авиарейстерді орындау кестесі түнгі уақыттан күндізгі және кешкі уақытқа қайта жоспарланды.
«Қала тұрғындарының өтініші назардан тыс қалған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Орал қаласы әуежайында 5 ішкі (Астана, Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтау) және 1 халықаралық бағыттағы (Франкфурт) рейстер қарастырылған. Бір аптада 32 рейс орындалады», – деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz