Бүгін «Эйр Астана» әуе компаниясы Орал-Франкфурт бағытындағы халықаралық рейсті іске қосты.
– Бүгін облыс орталығынан Еуропадағы Франкфурт қаласына баруға жол ашылды. Қазақстан – әлемнің дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан ел. ЭКСПО-2017 көрмесіне Германия өкілдері де қатысып, жаңа технологияларын назарға ұсынуда. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында халықаралық дәлізді дамыту жөніндегі тапсырмасы орындалуда. Облыс әкімдігі «ҚПО б.в.» және «Эйр Астана» компанияларымен келіссөз жүргізіп, жаңа рейстің ашылуына қол жеткізді. Биыл «Орал-Мәскеу» бағытындағы рейсті аштық. Қазіргі уақытта халықаралық Орал әуежайы терминалын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Жаңа халықаралық рейс өңір үшін инвестор тартуға, бизнес саласындағы серіктестікті дамытуға оң жағдай туғызады, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов әуе жолының ашылуына байланысты өткен шарада.
«ҚПО б.в.» компаниясының жобаларын басқарушы Трэвор Мандейдің айтуынша, Франкфурт әуежайы – Германияда орналасқан ірі әуежай. Еуропа бойынша жолаушылар саны жөнінен Лондон қаласындағы Хитроу, Париждегі Шарль-де-Голль және Стамбұлдағы Ататүрік әуежайларынан кейінгі 4-орында. Франкфурт әуежайынан әлемнің түкпір-түкіпіріне баруға 293 бағыттағы жолаушылар рейсі іске қосылған. «ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Германияға қатынайтын жаңа рейстің ашылуы аса маңызды рөл атқарады. Екі елдің арасындағы тікелей әуе сапарының мерзімі 4,2 сағатқа дейін қысқарды. «ҚПО б.в.» компаниясында 40-тан астам шетелдік мемлекеттен келген мамандар жұмыс жасайды. Бір жағынан, олар үшін еліне барып келуге жағдай жасалуда», – деді Трэвор Мандей.
Airbus A320 c ұшағында эконом кластағы 132, бизнес-класқа арналған 16 орын бар. Әуе лайнерінің электронды құрылғылары арқылы жолаушыларға кино көруге, ән тыңдау, журнал оқуға мүмкіндік туғызылған. Ұшақ ішіндегі қызмет ақысынан бөлек, эконом-класс бойынша берілетін билеттің ең төменгі құны 154 935 теңгеге есептелген.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz