10.04.2026, 17:45
Оқылды: 51

Орал емханасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті

dc54221a-ef98-4188-99aa-63d4a408896c

Емханада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.

Шараны Қор филиалы ұйымдастырып, №1 емхананың базасында өткізді. Пресс-турдың басты мақсаты -халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмек алу мүмкіндіктері туралы кеңінен хабардар ету. Журналистер емхананың диагностикалық жабдықтарымен танысып, мекеменің жұмыс барысын көрді.

– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – халықтың сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда облыста D және E санаттарына жататын азаматтар сақтандыру мәртебесін алды, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев.

№1 емхананың директорының айтуынша, науқастар қажетті тексерістерден бір апта ішінде өте алады. Қазіргі таңда емхана МРТ және КТ қызметін көрсететін барлық медициналық ұйымдармен келісімшарт жасаған. Соның нәтижесінде диагностикалық тексерістерге кезек айтарлықтай азайған. Бүгінге дейін 757 науқас МРТ-дан, ал 665 адам компьютерлік томографиядан өткен.

– Қазіргі таңда біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қорымен жыл сайын келісімшарт жасаймыз. Бекітілген тұрғындар тізіміне сәйкес кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі және сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлері жыл сайын жаңартылып отырады. Сол негізде халыққа толық медициналық көмек көрсетілуде. 2026 жылы жасалған келісімшарттың жалпы құны екі миллиард теңгеден асады. Жыл сайын бұл сома шамамен 100 миллион теңгеге өсіп келеді, – деді №1 емхананың директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев.

Бүгінде №1 емханаға 63 мыңнан астам адам тіркелген. Медициналық мекемеде 80-ге жуық дәрігер және 300-ден астам орта буын қызметкер жұмыс істейді.

Пресс-тур барысында емхана қызметін пайдаланушы тұрғындардың пікірі де тыңдалды. Солардың бірі – қала тұрғыны Анар Аменова. Ол отбасымен бірге осы емханада тіркелгенін айтып, қызмет сапасына оң бағасын берді.

– Мен осы емханаға тіркелгенмін, көп жылдан бері осында қараламын. Уақытылы тексерістен өтіп тұрамын. Дәрігерлердің жұмысына көңілім толады, ешқандай шағымым жоқ, – деді ол.

Сымбат Қыпшақбай,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорыны» КЕАҚ БҚОФ бас сарапшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале