24.05.2024, 17:56
Оқылды: 1

Орал қаласы әкімдігінің резерві 1,2 миллиард теңгеге толықты

Орал қалалық мәслихатының 11-кезекті сессиясында 2023 жылғы қала бюджетінің атқарылуы туралы мәселе қаралды.

сессия-3

«Бюджет 99,4%-ға немесе 62 млрд 463 млн теңге игерілді. Игерілмеген сома шамасы – 403 млн теңге. Қаржының игерілмеуіне құрылыстағы олқылықтар себеп болды. «Зашаған кентіндегі инженерлік коммуникациялық желілер салу, абаттандыру, бірқатар тұрғын үй құрылысы (28, 15, 29 құрылыс белгілері) нысандары мердігерлерінің жұмыс кестесінен қалыс қалуы себептеріне байланысты 76 млн 300 мың теңге көлеміндегі республикалық бюджет қаржысы игерілмей, бюджетке қайтарылды. Бүгінге күнге сол сома қайтадан бөлініп, мердігерлер әрі кеткенде екі айдың ішінде құрылысты аяқтайды. Облыстық бюджеттен бөлінген 265 млн теңге игерілмей қалды. Соның ішінде 182 млн теңгенің игерілмеу себебі: Орал – Атырау, Орал – Саратов жолдары арасындағы көпқабатты 26, 27 белгісі бар үйлердің инженерлік-коммуникациялық желілері құрылысы, абаттандыру жұмыстарына байланысты келісімшарттардың қазынашылық жүйесі қызметіндегі ақауларға байланысты тіркелмей қалғандығынан болып отыр.

Қала бюджеті бойынша игерілмегені – 62 млн теңге, соның 40 млн 800 мың теңгесі әлеуметтік көмек ретіндегі тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша игерілмеді», – деді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ербол Шүкірғалиев.

БҚО тексеру комиссиясының мүшесі Ерлан Сариев «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңының талаптарына сәйкес 2023 жылғы Орал қаласы бюджетінің орындалуы туралы есебін депутаттар назарына ұсынды. Онда баяндамашы бюджеттің атқарылуына қатысты «Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігінің түсімдері» коды бойынша аталған кәсіпорындардың жұмысының шығынды болуына байланысты түсімдердің жоқтығын атап өтті. Алайда аудит барысында бұл мекемелердің қаржылық есебін дұрыс бермей, кірістерін жасырғаны белгілі болды. «Есепті жылы мемлекеттік кәсіпорындарды тексеру нәтижесінде қала бюджетіне 14,5 млн («Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі» МКҚК 9 845,8 мың теңге; «С.Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебі» МКҚК 3 144,7 мың теңге) теңге түсті. Осыған орай, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың басқару құрылымдары тарапынан аталған мәселеге көніл аудару қажет. 2023 жылы қалалық бюджеттен қаржыландырылатын 1 нысан – «Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі аудитпен қамтылды. Осы іс-шара аясында «Қалалық мәдени-ағарту бірлестігі» мемлекеттік қазыналық және «Жастар мәдениет сарайы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарында үстеме тексерістер жүргізілді. Аудит нәтижелері бойынша 43,3 млн теңге шамасындағы заңбұзушылықтар, соның ішінде 37,2 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 6,1 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау деректері анықталды. «Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мекемесінде жалпы сомасы 10,5 млн теңгені құрайтын заңнама нормаларын бұзушылықтар, оның ішінде 4,4 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 6,1 млн теңге тиімсіз жоспарлау деректері мәлім болды», – деді Ерлан Сапиев.

Тексеру комиссиясы өкілі «Жастар мәдениет сарайы» мекемесін тексергенде, 31,9 млн теңгені құрайтын заң бұзушылықтары, оның ішінде 1,5 млн теңге көлемінде жалақыны артық төлеу, 30,4 млн теңгеге бухгалтерлік есеп ережелерінің бұзылғаны анықталғанын айтты. Бұл мекеменің есепшісі қаржылық есептілікті бұрмалағаны үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінде жүргізілген үстеме тексеруде 904,3 мың теңге жалақының артық төленгені, шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін 28,7 мың теңге сомасында өсімпұлдың ұсталмауы (өндірілмегені) деректері жарыққа шыққан. Сондай-ақ өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талапарыз берілмеген. Осы дерек бойынша аудит нысанының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Е. Сапиев қалалық бюджеттің атқарылуы туралы шешім жобасын қабылдауға қарсы еместігін білдірді.
Күн тәртібіне қала мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі шығарылды. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыров 2024 жылға арналған қалалық бюджетті кезектен тыс нақтылау шешімінің жобасын ұсынды.

«Оралдағы төтенше жағдайларға байланысты бюджетті 1,2 млрд теңгеге ұлғайту және нақтылау жоспарланды. Бұл өз кезегінде 582 млн теңгеге қала бюджетінің кірістерін ұлғайту, 694 млн теңгені бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің кейбір қаражаттарын босату есебінен болады. Осылайша қала әкімдігінің резерві 1,2 млрд теңгеге толықтырылады. Бұл қаржы эвақосындардағы азаматтарды үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету, тасқыннан зардап шеккен саяжайлар мен тұрғынжайларға техникалық бағалау жұмыстарын жүргізуге қажет», – деді Азамат Темірбекұлы.

Сессияда салық жинауды ұйымдастыру, қала бюджетіне салық түсімдерін ұлғайту жолдары туралы Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Мұқанбетов баяндады. Өткен жылы камералдық бақылау, акциз және өндірістік емес төлемдерді әкімшілендірудің іс-шаралары барысында басқарма тарапынан жергілікті бюджетке 3 млрд теңге шамасында қосымша түсім іздестірілді.

«Биыл бес айындағы болжамдық көрсеткіштердің орындалуына келсек, жергілікті бюджет жоспары 122% пайызға орындалды (+6,5 млрд. теңге). Жжоспар 30 млрд теңге, нақты 36,5 млрд теңге түсті. Сондай-ақ бүгінгі күнге жергілікті бюджет түсімдерінің орындалуы112%-ды құрайды немесе 4,1 млрд теңге артық түсті», – деген Бақтияр Мұқанбетов болжамдық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету үшін салық түсімдерінің қосымша көздерін іздестіру шараларына тоқталды.

Сату айналымы бар, бірақ нөлдік салық есептілігін ұсынатын салық төлеушілерге талдау жүргізілуде екенін айтты. Мүлікті сатқан тұлғалар бойынша камералдық бақылау жүргізілетінін, салық есептілігінде мүлікті сатудан түскен табыс сомасын көрсету бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда хабарлама жіберілетінін еске салды. Мүлік салығы нысандарына камералдық бақылау, салық төлеушілермен әңгімелесу жұмыстары жалғасатынын, соның нәтижесінде мүлікті қайта бағалап және бағалауды ұлғайту бойынша қосымша салық есептілігі тапсырылатынын әңгімеледі.
Қала аумағындағы тұрғындардың медициналық қызметпен қамтылуы туралы мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова баяндады.

Шаһардағы және оның аумағындағы 362 479 тұрғынға медициналық көмек 6 қалалық емханада және «Медициналық орталық», «Батыс Авигип», «Юнисерв», «Медикер» мекемелерінде, 10 стационарда көрсетіледі. Биыл екі нысанға (облыстық көпбейінді аурухананың №11, психикалық денсаулық орталығының №4 корпустарына) күрделі жөндеу жүргізіледі. Қалалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында жалпы тәжірибе дәрігерлерінің 241 учаскесі бар. Жүктемені азайту және халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 5 МСАК орталығы жұмыс істейді.

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша дәрігерлік кадрлардың тапшылығы қалалық ұйымдарда 167,75 штат (шамамен 168 дәрігер) бірлігін құрайды.

Депутаттар күн тәртібіндегі қаралған мәселелерді мақұлдады.
Сессия жұмысын қорытындылаған қала әкімі Миржан Сатқанов қала қазынасының жыл басында 58,8 млрд теңге болғанын, қазіргі кезде 69 млдр теңгеге жеткенін айта келіп, халық қалаулыларына тасқын зардаптарына жоюға тиісті қаржы бөлуді қолдағандары үшін рақмет айтты. Алдағы уақытта да тізе қосып қызмет етуге шақырды.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале