18.11.2025, 17:45
Оқылды: 404

Орал қаласы Зашаған кенті әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеу басталды

Бұл туралы Орал қаласының прокуроры Мейірхан Изимов айтты. Ол Орал қала әкімдігінде құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңесте қаладағы жалпы қылмыстық ахуал туралы айтқан болатын.

прокуратура

Сөз барысында полиция Орал қалалық №20 ЖОББ мектебі жанында 10 жасар қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын тілге тиек еткен прокурор кейбір қылмыстардың алдын алуға болатынын айтты. Ол үшін атқарушы билік дер кезінде қажетті шараны қолға алу қажет деді прокурор.
- Мәселен, қыркүйек айындағы 10 жасар қызды зорлау фаткісі бойынша айтсақ. Сол мектеп маңындағы орман алқабын ағаштардан тазалауды сұрап тұрғындар бірнеше рет шағым түсірген. Бірақ зашаған кентінің әкімдігі тұрғындардың арыз-шағымына құлақ түрмеген. Салдарынан қылмыс болды. Осы қылмыстың екінші күні сол орман алқабын лезде тазалап тастады. Қазір Зашаған кенті әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты өз қызметтеріне салғырт қарағыны үшін қылмыстық іс қозғалды, - деп атап өтті Орал қаласының прокуроры Мейірхан Изимов.
Осы жиында БҚО Нұрбек Ұласбекұлы қылмыс орнынан арақ-шараптан босаған бөтелкелер мен қолданылған спритчтар табылғаны туралы айтты.
- Дәл сол Зашаған кентіндегі орман алқабын тазалап, мектепке баратын жолды қауіпсіз етуді ата-аналар бірнеше мәрте айтыпты. Маған жеткен есеп бойынша осы әңгіме төрт жылдан бері айтылып келеді екен. Бірақ әкімдік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ешқандай да шараны қолға алмаған. Бұл өз кезегінде Президентіміз айтып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына да қарсы келеді. Атқарушы билік бірінші кезекте мектептердің маңайын жарықтандыру қажет. Екінші кезекте сол мектептерге баратын көшелерді жарықтандыру қажет, - деді БҚО Прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы.
Айта кетейік, БҚО Полиция департаменті Зашаған кенті әкімдігінің лауазымды тұлғаларына өз қызметтеріне салғырт қарағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 371 бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

 

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале