Орал қаласы Зашаған кентінің «Ақжайық» шағынауданында 80 пәтерлік жаңа үй пайдалануға берілді.

«Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік несиелік бағдарлама аясында 67 азаматтың өтініші мақұлданып, пәтерлеріне орналасты. Аталмыш бағдарлама ҚР Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2%-дан аспайтын жеңілдетілген несие ұсынылады. Жалпы саны 80 пәтердің 67-сі тұрғын үйге мұқтаждар санатында кезекте тұрған азаматтарға бөлінген. Пәтер иелерінің қатарында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы, толық емес отбасы, мемлекеттік, бюджеттік ұйым және әскери қызметкерлер бар.
Бағдарлама аясында өтінімдері мақұлданып, сатып алу-сату келісімшарты рәсімделген 67 азаматқа пәтер кілті салтанатты түрде табысталды.
Баспаналы болу бақыты бұйырған жандардың бірі Гүлнәр Нұрсұлтанова – бес баланың анасы. Осыған дейін туыстарының үйінде тұрып келген Гүлнәр жаңа қонысқа көшкеніне бек қуанышты.
– Осы үйге құжатты айлар бойы жинадым. Еңбегім ақталып, үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Мұның бәрі балаларымның несібесі болар. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Гүлнәр Нұрсұлтанова.
Жобаның бас мердігері – «Болашақ-Т» ЖШС. Ауторлық қадағалауды «Газпромпроект» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «KZ СтройЭксперт» ЖШС жүзеге асырған. Тұрғын үй кешенінде бір бөлмелі – 20, екі бөлмелі – 30, үш бөлмелі 30 пәтер бар.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда, 2026 жылы осы бағытта қосымша 200 пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға беру және 1000 пәтерді несиелік негізде сатып алу жоспарлануда.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»