Аталған орталық еліміздегі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ашылып отыр. Әлеуметтік нысан 20 адамға арналған. Ол жерде сегіз түрлі қызмет көрсетіледі. Пайдалануға берілген үйдің ашылу салтанатына БҚО әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Бұл - үй қазіргі қолданыстағы әлеуметтік интернаттар мен орталықтардың тиімді баламасы. Тұрғындар үшін жайлы жағдай жасалған. Үйдің ішінде тігін, ағаш шеберханалары мен асхана жұмыс істейді.
Осы үш орында қызмет алушыларды қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі.
Үйдің ашылу салтанатына қатысқан БҚО әкімі Ғали Есқалиев жобаның мақсаты мен маңызына тоқталды.
- Біз қамқорлыққа мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуге міндеттіміз. Біз үшін қалыпты тірліктер ол адамдар үшін қиын. Қарапайым өзіне қарау, киімін үтіктеу, тағамын дайындау ісіне олар дағдыланбаған. Енді осы орталықта мамандар оларды қоғамға бейімдейді, үйретеді, еңбекке баулиды. Біз кәсіпкерлердің арқасында осы үйді салып, тапсырдық. Осы жерден олар қоғамға бейімделіп, өмір сүрулеріне қажетті машықтарды меңгеріп шығады, - деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.
25 жасар Әлімжан Құташев орталыққа Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауысып келген. Қазір Әлімжан педагогтар мен психологтардың көмегімен компьютерде жұмыс істеуді меңгеріп жатыр. Болашақта информатика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.
-Маған осы жерде ұнайды. Өзім ауысамын деп таңдап келдім. Бұл жерден өмірге қажетті дүниені үйреніп шығуға болады,- дейді Әлімжан Құташев.
Мамандардың айтуынша, бұл әлеуметтік үйде өмірге, еңбек етуге бейімдеуге келетін психоневрологиялық ауытқуы бар азаматтар тұратын болады. Бүгінде БҚО бойынша 4207 адам психоневрологиялық аурумен ауырады. Оның 583-ін 18-ге толмаған балалар құрайды. Бұл орталықтың мақсаты аздаған ауытқуы бар адамдарды шеттетпей, керісінше қоғамға бейімдеу, еңбек дағдыларына баулу. Атап айтсақ, тамақ пісіруге, киім үтіктеуге, өздерін күтіп-ұстауға және компьютермен жұмыс істеуге, ағаштан қажетті дүниелер жасауға үйретілетін болады.
Бұл орталыққа келетін адамдарды комиссия анықтайды. Комиссия құрамында дәрігер-психиатр, психолог, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман және үкіметтік емес ұйым өкілдері мен сала мамандары болады. Орталыққа 18 жастан асқан адамдарды қабылдайды.
Әлеуметтік үйді салу жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасаған.
zhaikpress.kz