- Балалар арасындағы жанжал №38 мектеп-лицейінің оқушылары арасында болған. Енді осы оқиғаға қатысты Орал қалалық білім беру бөлімінің арнайы комиссиясы 8 желтоқсанда №38 мектеп-лицейінде тексеру жүргізеді, - деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Оқушылар арасындағы жанжал туралы Facebook әлеуметтік желісінде бірінші болып жергілікті қоғам белсендісі жазды.
Оның айтуынша, №38 мектеп-лицейінде оқитын 8-сыныптың оқушысын 9-сыныптың оқушысы әжетханада ұрып-соққан. Оны үшінші бала телефонға түсіріп әлеуметтік желіге салған. Баласының психикасына алаңдаған анасы қоғам белсендісіне хабарласып, көмек сұрапты.
Біз оқиғаның мән-жайын анықтамақ болып БҚО Полиция департаментіне хабарластық.
Полиция балалар арасында жанжалдың болғанын растады.
- Орал қаласы ПБ Шаған полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларымен 6 желтоқсан күні тексеру кезінде №38 мектептің 2008 жылы туған 9-сынып оқушысы 2010 жылғы 8-сынып оқушысының бетінен шапалақпен ұрғаны туралы анықталды. Аталған дерек Шаған полиция бөлімінде тіркелді. Тексеру нәтижесінде 9-сынып оқушысының ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Ал бейнетаспаға түсірген 2010 жылғы оқушының ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, - деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі оқиға 13 қараша күні болғанын айтты.
- Осы жылдың 13 қарашасы күні сағат 07.50-де №38 мектеп-лицейінің 2 қабатында орналасқан дене шынықтыру бөлмесіндегі әжетханада 8 және 9 сыныпта оқитын екі оқушының арасында жанжал шыққан. Осы жағдайды бір оқушы бейнежазбаға түсірген. Жәбірленген оқушының ата-анасы 6 желтоқсанда мектеп әкімшілігіне осы жағдайды хабарлап, шара қолдануды сұраған. Сол күні мектеп әкімшілігі және Шаған полиция бөлімінің қызметкері сынып оқушылары және ата-аналарға мән-жайды анықтау үшін жиналыс ұйымдастырады. Түсінік жұмысын жүргізді, - делінген БҚО Білім басқармасының баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек білім бөлімі оқушылар арасында құқықбұзушылыққа жол бергені үшін сынып жетекшілері тәртіптік шараға тартылғанын айтты.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz