Бүгін Орал қаласы мектептерінің түлектері терек отырғызды. Бұл туралы Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
№40 жалпы орта білім беретін мектебі мектеп ауласына «Ломбардия» көшеттерін түптендірді. Білім ордасының ауласын көгалдандыруға, «Түлектер аллеясына» ағаштар отырғызуға ата-аналары қолдау білдірді. Ағаш отырғызу шарасына БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин қатысып, түлектерге ізгі лебізін білдірді.
– Әр адам бұл дүниеде із қалдыруы керек. Сендер отырғызған ағаштардың жемісі көптеген ұрпақты қуантсын. Жақсы мамандық алып, өмірде өз орындарыңды тауып, еліміздің елеулі азаматы болуларыңа тілектеспін, – деді Бисенбек Жамбылұлы.
Экологиялық акция барысында оқушылар ұйымшылдық пен еңбектің әдемі көрінісін көрсетті. Биыл аталмыш меткептен 37 түлек ұшқалы тұр.
– Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген қазақта даналық сөз бар. Міне, бүгін мектеп түлектері сынып жетекшілері М.Мурадымов және Ж.Б.Шайхоллиевамен бірге жақсы істің басынан табылды. Мектеп ауласын жасыл желекпен көгалдандыруға атсалысты. Жас ағаштармен бірге түлектеріміздің де арманы өсіп, асқақтай берсін. Алдағы білім сынағынан жоғары баллмен өтіп, әрқайсысы білім грантын иеленсін, – деді мектеп директоры Әсем Бақытжанова.
Ағаш отырғызу – бұл экологияға қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы, жерімізде із қалдыру мүмкіндігі, өзін есте қалдыру, кейінгі ұрпақ үшін ерекше аманат. Ұлағатты ұстаздардан бі¬лім нәрімен сусындап, алысқа қарап қанаттанған алтын ұя мектептің түлектеріне, өнегелі істің иелеріне біз де сәттілік тілейміз.
Айта кетейік, биыл Орал қаласы бойынша 2490 оқушы орта мектепті тәмамдайды.