18.01.2018, 19:44
Оқылды: 48

Орал қаласының әкімі – «2017 жылдың үздік қала әкімі»

Ай сайын әкімдердің рейтингін саралап келе жатқан SAIGEZ.KZ саяси порталы қала әкімдерінің 2017 жылғы үздік үштігін жариялады.

 Әкімдердің жыл бойғы жұмыс көрсеткішін сараптаған портал үздік үштікті жариялап, бірінші орынға Орал қаласының әкімі Мұрат Рахметұлы Мұқаевты лайықты деп тапқан.

SAIGEZ.KZ  сарапшылары «Мұрат Рахметұлының қала басқарғанына да жарты жыл өтіпті. Орал қаласының әкімі осы аз уақыт ішінде істі дөңгелетіп, көп жұмыс атқарған әкім ретінде есімізде қалып отыр» деп баға береді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласында Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына арналып оздырылған «Алаш Орда» қозғалысы: қазақ мемлекеттілігі идеясының дамуына ықпалы» атты ғылыми-тәжірибелк конференция, Орал қаласы әкімдігінің бастауымен «Туған жер» атты ауданаралық өнер фестивалі, Орал қаласының маңында орналасқан 100 сакралды орын тізіміне еңген «Жайық» қалашығы аумағында жиналған зиялы қауым өкілдерін көне тарих және өнермен таныстыру мақсатында «Жайық» қалашығын зерттеу кезінде табылған бұйымдар, қөл өнер шеберлерінің көрмелері өтті. Бұл тек республикалық сипат алған шаралар.

Қала экономикалық тұрғыда да біршама алға қадам жасады. 2017 жылдың 9 айының есебі бойынша қала контингентінен мемлекеттік бюджетке түскені – 64418,4 млн. теңге. Оның ішінде қалалық бюджетке 16404,2 млн.теңге түсім түсті. Ол жалпы салық базасының 25,5% құрайды. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айына өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 106,9 млрд.теңгені құрады. Яғни нақты көлем индексі 2016 жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті.

Қаладағы инфрақұрылым бойынша, 2017 жылы 8,1 млрд. теңге бөлініп, аталған қаражатқа Орал қаласының 67 көшесіндегі 72 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған болатын. Нәтижесінде 67 көшенің 61 көшесі бойынша жұмыстар аяқталды.  Осылайша, қалада бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ақжайық» шағын ауданы салынады деген де жақсы хабар бар.

«Бітер істің басына жақсы келер» деген тәмсілге сүйенсек, Мұрат Мұқаев бүгінде қала тұрғындарының оң бағасын алып, өзін іскер әкім ретінде көрсете білген басшы. Қаладағы ең өзекті мәселе қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі дейтін болсақ, жаңа әкімнің келуімен бұл жағдай да ретімен шешіліп жатыр. Былтыр 50 көлік, алдағы уақытта тағы жаңадан 80 көлік қала тұрғындары үшін қызмет ететін болады. Тіпті, 2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданып, жыл соңына дейін «Оңай» және «СМСBUS» электронды төлемдерін енгізу туралы жұмыс атқарылып жатыр. Өңірлік БАҚ-тарда орнымен сұхбат беріп, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы айтып жүр. Тіпті, республикалық басылымдарда да Орал қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды сәтімен көрсетіп келеді. Рейтингте көш бастауына әсер еткен негізгі фактор осылар деп жазады саяси портал.

«Биыл облыс орталықтарын басқаратын қала әкімдеріне үлкен жауапты іс жүктеліп отыр. ҚР Президенті биылғы Жолдауында «Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек» екенін айтты. Расымен, инвесторлар жайлы, керегі жанынан табылатын озық үлгідегі қалада тұруды армандайды. Қаладағы жағдай, тәртіп осының ішіне кіреді. Шыны керек, еліміздегі көп облыс орталықтарында «Смарт ситидің» жұрнағы аздап байқала бастағанмен, инфрақұрылымы, безенділуі кемшін тартатын шаһарлар жеткілікті» деп сын айтқан портал 2018 жылы қала әкімдерінің рейтингін түзген кезде осы критерий бойынша бағалау қосылатынын хабарлайды.

Үздік үштен Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев көрінген. Рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің басшылары есепке алынбағанын еске саламыз.

Нұрлыбек РАХМАН,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале