27.08.2020, 21:27
Оқылды: 237

Орал қаласының әкімі А.Шыныбековтың тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі

Құрметті ұстаздар!

Қадірлі білім беру ұйымдарының басшылары! 

FCD212F7-4AE1-45CC-AD8B-FF71BF83F228

  Бүгінгі дәстүрлі тамыз конференциясы жаңа оқу жылын бастауға бағыт-бағдар береді және жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін қаламыздағы ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктейді. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен  - тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген даналық сөзде айтылғандай, ұлт пен мемлекет алдындағы ұлы істердің барлығы Сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен іске асады.

Білім сапасын жақсарту – басты мақсат!

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында білім беру сапасын жақсартуға баса мән берілген. Сондықтан да білім беру сапасын жақсарту – мектеп мұғалімдерінің алдындағы маңызды міндет.

AD005354-466A-4A2F-9A2B-15E3AF88FCCD

Биылғы республикалық тамыз кеңесінің «Білім сапасы мен негізгі құндылықтар: жаңа идеялар және тәжірибелер» атты тақырыбында өтуінің өзі жаңаша білім беру жағдайында оқыту процесінде білім мен ғылымның біртұтастығына басты назар аудару қажеттігін көрсетеді.

Құрметті ұстаздар!

Орал қаласы бойынша биылғы жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтармен бөліскім келеді.

1. Бірінші ерекшелік: 2020-2021 жылдардағы оқу жылынан бастап қала мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшеді. Бұл тұрғындарымызды әлеуметтік жағынан қолдауға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға, мектептердің техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.  

2. Екінші ерекшелік: қаламыздағы мектеп асханалары 7 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке меншік басқаруына беріледі. Бұл мектептердегі тамақтандыру сапасын арттыруға, мектептердің жыл сайынғы мемлекеттік сату жұмыстары ұйымдастыру-шаруашылық секілді қосымша жүктемеден босатуға және білім беру мен шығармашылық жұмыстарымен белсенді айналысуына септігін тигізеді.  

Орал қаласының білім беру бөліміне қарасты жалпы орта білім беретін 51 мектеп, оның 10 инновациялық және бір кешкі мектеп, 6 қосымша білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Оқу жылының қорытындысы бойынша мектепті 49955 бала аяқтады, білім сапасы 66,33% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,74 пайызға жоғары. Биыл қала мектептерінің түлектері 890 мемлекеттік грантты иеленіп, білім сапасының жоғары екенін дәлелдеді.

Жаңа оқу жылына  болжам бойынша 52 752 бала болады деп күтілуде, ол  өткен жылғымен салыстырғанда 2797 балаға өскен. Ал 1-сыныпқа 6040 бала өтініш берді. Бұл оқушылардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 317 балаға кем. Бұның себебі, төтенше жағдайларға байланысты қашықтықтан оқыту енгізілгендіктен, ата-аналар балаларын даярлық топтарында қалдырып отыр.

BD7C6112-4A9D-4D69-A67A-3F191E87160B

Білім беру сапасымен қатар мектептердің инфрақұрылымына баса мән берілуде. Жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, апатты жағдайдағы бірнеше мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары ауылдан қалаға көшіп келу, яғни, урбанизация үдерісі байқалады. Сондықтан мектептер саны да, мектепке дейінгі ұйымдар саны да көбеюде. Сол себепті үш ауысымды мектептер әлі де орын алып отыр. Соларды азайту мақсатында қаламызда жаңа мектеп ғимараттары салынуда. Атап айтқанда, 900 орынға арналған №51 мектебіне ( Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне) және 450 орындық Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясына жаңа ғимараттар пайдалануға беріледі. №51 мектебіне №10, 47мектептерден 1318 оқушы көшіріледі.

Сонымен қатар апатты мектептердің санын жою барысында №31 ЖОББМ және 300 орындық №33 орта мектептерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал №18 мектебінің ғимаратының қайта салынуына сметалық қаражат қарастырылып жатыр. №20 жалпы орта білім беретін мектептің мектеп алды даярлық тобының балалары №13 балабақша ғимаратында орналасқан мектептен тыс орталығының орнына көшіріледі.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі таңда №21,  №25  және №45 мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарына 1 868 332,0 млрд. теңге  қаражат бөлінді.

Орал қаласының білім беру бөлімінің бюджеті қазіргі таңда 21481,5  млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Республикалық бюджеттен педагогтардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға қосымша ақы және 25 пайызға еңбекақының өсуіне байланысты – 6260 млрд.теңге бөлінді.

Білім беруді цифрландыру мен ақпараттандыру

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде баса назар аударатын бағыттың бірі - оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Осы орайда, пәндерді интеграциялау жолындағы дамыған мемлекеттердің білім саласындағы кең өріс ала бастаған STEAM  бағдарламасы. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында Орал қаласының №4, №42 мектептері мен оқушылар сарайына енгізілген болса, бүгінгі таңда стем-зертханалар кабинеттерін ашу №2, 7, 10, 12, 34 (5 СМАРТ-панель, 5 vived Science лицензиялық бағдарламасы) мектептерінде кабинет жабдықталып, жаңа оқу жылында жұмысын бастамақ.  

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері бекітілді. Осы бағытта Ұлттық әскери-патриоттық орталық базасында барлық өңірлердегі филиалдарымен "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы құрылды. 2019-2020 оқу жылы Орал қаласының - №5, №12, №47 ЖОББМ-де кадет сыныптары ашылып, қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыру мақсатында 2020 жылы 43 білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу үшін 31 700,0 мың теңге қаражат бөлінді. Негізінен бұл жұмыстарға әктеу-сырлау, сыртқы желілерді орнату (қайта құру), спорт залдары, акт залдары, кабинеттерді жөндеу, абаттандыру, сонымен қатар 2020-2021 жылдары күзгі-қысқы мерзімге жұмысқа дайындау шаралары кіреді.

Сонымен қатар, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында төтенше жағдайлар мен СЭС ұйғарымдары бойынша ескертулерді жоюға - 55 000,0 м. теңге бөлінді.

      Мемлекет басшысының және облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық мектеп пен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен және санитарлық талаптарға сәйкес жағдайлар жасау жұмыстары қолға алынды. Орал қалалық мәслихатының шешіміне сәйкес, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаламыздың 3 оқу орындарында ішкі дәретханаларын орнату үшін 14000,0 мың теңге қаражат бөлініп, №29 мектеп, кешкі ауысымды орта білім беретін мектебі және оқу-өңдірістік комбинатында ішкі дәретханалар орнату жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда барлық мектептер ішкі дәретханалармен жабдықталған. Санитарлық-гигиеналық ережелерін сақтау үшін бірінші басымдылықта тұрған екі мектепке – №1, 32 ЖОББМ-нің периметрі бойынша ауланы қоршауға 18000,0 мың теңге, №9 ЖОББМспорт және акт залдарына жөндеу жұмыстарын өткізуге 3016,0 мың теңге жұмсалды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 8 қауіпті қиылыстарға бағдаршамдар қойылды. Алдағы уақытта қала көшелері бойынша 15 мың жарық шамдарын ауыстыру жоспарда тұр. Сонымен қатар 62 жаяу жүргінші жолын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы Орал қаласы бойынша оқушылардың қатысуымен жол-көлік апаттарын болдырмау мақсатында 20 жалпы білім беру мекемелері маңында бағдаршам құрылғылары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолорналастырылған.

Мектепке дейінгі ұйымдар

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелеу мен оқыту -  ең бастапқы буын болғандықтан, мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыстар тыңғылықты, жан-жақты, жүйелі, шығармашылық  бағытта құрылуы тиіс. Орал қаласы бойынша 50 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым, 62 жеке бөбекжай және 1 мектеп-балабақша, 30 мемлекеттік шағын  орталық, 5 жеке шағын орталықтарда шығармашылықпен жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйым саны 13-ке артты. 2019-2020 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс жасайтын тәрбиешілердің сапалық құрамы өткен оқу жылымен салыстырғанда 0,5%-ға көтерілді. Педагогтердің сапалық құрамын көтеру – қала әкімдігінің негізгі мақсатының бірі болып қала бермек.

Қала бойынша мектепке дейінгі ұйымдарды педагогтармен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды, барлығы да кәсіби мамандар. Дегенмен жеке балабақшалардың орыс топтарында кадрлардың тұрақсыздығы орын алып отыр. Мектепке дейінгі ұйымның басшыларына кадр мәселесін шешу барысында педагогтарға жағдай жасап, қолдау көрсету керек.

Қашықтықтан оқыту форматы

Біздің елдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі пандемия індетінің таралуына байланысты, ағымдағы оқу жылының 4-тоқсанында оқу процесіне өзгерістер енгізуге тура келді. Сондықтан оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында қашықтықтан оқыту енгізілді. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді, бірақ індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан да жаңа оқу жылында қашықтан оқыту бағытында жұмыстар жалғасуда. Жұмысты ұйымдастыру барысында 350 ноутбук 58 млн.765 мың тг алынды.  Қосымша 727 компьютер, 648 ноутбук, 12 моноблок 190711,53 мың.тг сатып алу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 907 (600 компьютер, 295 ноутбук, 12 моноблок) құрылғы алуына 92847,76 мың.тг келісім шартқа қол қойылды. Сонымен қатар, 94 компьютер мектепке орнатылды. 

Интернет байланысымен қамтылмаған 3503 оқушы (1997 отбасы), компьютермен қамтылмаған 5773 оқушыға (3549 отбасы) мектептен 1142 компьютер үлестірілген және 1385 компьютер беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғалмаған санаттағы отбасыға 600 роутер - 600 отбасына 10794 мың теңгеге, 1000 тариф -  1074   отбасына 1116960 теңгеге,  600 вебкамера алуға қаражат қарастырылып, келісім-шарт жүргізілуде.

 Педагог кадрларының біліктіліктерін арттыру

Жоғары технологиялар заманында адамға жан - жақтан түрлі ақпарат келіп түседі, сондықтан казіргі заман адамы ақпараттармен жұмыс жасай біліп, қажетін алып қолдана алу бейімділігін қажет етеді. Бұл орайда, қала көлемінде мұғалімдердің біліктілік шеберлігін арттыру мақсатында жүйелі түрде  курстар ұйымдастырылды. Қала бойынша биылғы оқу жылын қосқанда 3162 ұстаз жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан өткізіліп, 74,7% құрады. Сонымен қатар, Елбасының Жолдауына сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Орал қаласы әкімдігі, Орал қаласының білім беру бөлімі және мектептердің 37 информатика пәні мұғалімдерінің қатыстырылуымен 13700-дей азаматты цифрлық сауаттандыру курсынан өткізсе, робототехника бойынша -100%, жаратылыстану-математика пәнін ағылшын тілінде оқыту – 76,4%-ға жуық, мектеп басшылары мен орынбасарлары, үйлестірушілер, тренерлер білім мазмұнын жаңарту курстарынан  өтуі 100 пайызға жетіп отыр. Дегенмен де, мектептерде педагог кадрлардың тапшылығы байқалады. Оқыту орыс тіліндегі мектептерде бастауыш сынып мұғалімдері және орыс тілі мен әдебиеті  пәні мұғалімдері жетіспейді. Басты себебі, көршілес елдерге мұғалімдер арасындағы миграцияға байланысты болып отыр.

Білім саласындағы реформалардың жемісі болып табылатын жаңа форматтағы педагогтер - жаңа технологияны жақсы меңгерген жас мамандар. Бүгінгі күні қала мектептері 75 жас маманмен толығып отыр. Болашақтың кілті жастар дейтін болсақ, оларды жан-жақты кәсби тұрғыдан қолдау, оқу-білімді тәжірибені ұштастыру, ата-аналармен етене жұмыс істеуіне көмектесу шығармашыл ұстаздардың еншісінде. Сондықтан жаңа буын мұғалімдеріне сенім артып, кәсіби ізденістеріне үлкен үміт артамын.

Қай халық болсын ұстазын қадірлеп, ерекше құрметтеген. Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» деп айтқан екен. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, сезімнің ақындығы, мінездің күн шуағы, адамның асылдығы» - деп Ғафу Қайырбеков айтқандай бүгінгі күні мұғалімдердің мәртебесін арттыру, моральдық тұрғыдан ынталандыруға  байланысты жұмыстар қолға алынып отыр. Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» Заңына  сәйкес және білім беруді дамытудағы еңбек сіңірген мұғалімдердің табысты қызметін, олардың қабілеттерін, дарындарын және бастамаларын қоғамдық мойындаудың көрінісі ретінде қала әкімдігінің тарапынан «Орал қаласының Құрметті ұстазы» атағын беруі туралы шешім қабылданды.

Қорыта келе, жаппай цифрландыру, оқушыларды функционалды сауатты болуға тәрбиелеу, жалпы адами құндылықтарды көтеру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, қала ұстаздары алдағы оқу жылына жаңа бастамалармен келеді-деген сенімдемін.

Құрметті педагогтар!

Біз сіздерден жемісті нәтижеге бағытталған кәсіби шешімдерді, шығармашылық белсенділікті, тың ізденістерді күтеміз.

Баршаңызға зор денсаулық, кәсіби жетістіктер мен заңғар табыс тілеймін!

Келе жатқан Білім күні құтты болсын!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале