«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдарының оқушылары арасында баскетболдан желілік Спартакиаданың аймақтық кезеңі өтті.
NIS желісіндегі аталған спартакиада дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Биыл Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылып, БҚО спорт басқармасының қолдауымен көрініс тапты. Спорт сайысына Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған және Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 11-12-сынып оқушылары сынға түсті.
Салауатты өмір салтымен қоса, ұжымдық рух пен бірлікке тәрбиелеу мақсатындағы спартакиадада ұлдар және қыздар командасы бақ сынады. Жарыс барысы youtube платформасында тікелей эфирде ұсынылды.
– Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде спортты дамыту, физикалық қозғалысты арттыру бағыты қарқынды дамыған екен. Бұндай спорттық додаларды дәстүрлі қолға алу арқылы дені сау, спортты серік етер жас ұрпақты қалыптастырамыз. Біліммен қоса спорт әлемінде үздік болуға талпынған зияткерлерге әрі қарай өрлеу тілеймін, – деді өңірдегі спорт басқармасының басшысы Жеңіс Махамбетұлы.
Нәтижесінде, ұлдар командасынан Орал NIS-тің жас спортшылары 1-орынға ие болып, қыздар құрамасынан Шымкент NIS жеңімпаз атанды.
Спартакиаданың 1,2-орын жүлдегерлері алдағы қысқы демалыс уақытында желілік кезеңге қатысуға жолдама алды.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі