Орал халықаралық әуежайы әуеайлақ жабындарын және ұшу алаңының аумағын қардан тазартқан кезде пайдаланылатын жаңа фронтальды тиегіш пен «КамАЗ» базасындағы өрт сөндіру машинасын сатып алды.
Жаңа XCMG ZL50GN агрегаты – елдегі ең мықты тиегіш үлгілерінің бірі. Бұл модель құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылық сияқты әртүрлі салаларда кеңінен қолданылады. ZL50GN Фронтальды тиегіш 5000 келіге дейін жүк көтереді, салмағы - 17500 келі және 3 текше метр болатын стандартты ковшы бар. Бұл тиегіш түрлі өлшемдегі ірілі-ұсақты жүкті оңай жылжытуға және көтеруге қауқарлы.
Ал өрт сөндіру машинасы сағатына 90 шақырымға дейін жылдамдықпен жүреді. Оның багіне 11 тонна су, 800 литр көбіктендіргіш сияды. Машина өрт-техникалық жабдықтармен және отты сөндіруге арналған лафет оқпанын қашықтан басқару құрылғысымен жабдықталған. Қазіргі уақытта әуежай 4 өрт сөндіру көлігін пайдаланады.
Әуежай механикаландыру техникасы мен құралдарының 27 бірлігін іске қосты. Оның ішінде бұрын пайдаланылмағандары бар. Техника паркі жаңа әуежай операторының мүмкіндіктері мен тәжірибесінің арқасында жаңартылуда.
Айнагүл Сакпусунова,
Орал халықаралық әуежайы
баспасөз қызметінің басшысы