28.11.2024, 9:45
Оқылды: 10

Оралда 34 миллион теңге желге ұшпасын

«Кәрі құда» келіп қалды. Күн суытып, бет домбықтырар аязды күндер де алыс емес. Қыс кезінде қажетті автобосын күткен ағайынның тоңбағаны маңызды. Былтыр әріптесіміз Ясипа Рабаева газеттің «Назар аудар!» айдарына жазған хабарында шаһарда 76 жаңа және 140 ескі аялдама павильоны бар екені айтылды. Сондай-ақ 92 аялдамада шағын дүкен болса, 183 аялдамада павильон жоқ екені де жазылды. Былтыр қала аумағында барлығы 308 аялдама болған. Биыл олардың саны 357-ге жеткен. Ол павильондардың 206-сы ықтасын. Одан бөлек естеріңізде болса, 2020-2021 жылдары төрт  жылы аялдама салынды. Бүгінгі таңда қаламызда орнатылған төрт  жылы аялдама тұрақты негізде халыққа қызмет көрсетіп тұр. Суық кезде жылынып алуға мүмкіндік берер жаңа үлгідегі аялдамаларды салуға 2020 жылы 14 миллион теңге бөлінді. Ол қаржыға екі аялдама павильоны тұрғызылды. 2021 жылы тағы екі аялдама салуға 20 млн қаражат бөлінді. Ақша көп жұмсалды демесеңіз,  бастама орынды.

Диана11

Қазіргі таңда қала аумағында жылы төрт аялдама бар. Олар Н. Назарбаев даңғылы бойындағы «Өлкетану музейі» аялдамасы, Жуков көшесіндегі «Теміржол вокзалы» аялдамасы, Әбілқайыр хан даңғылындағы «Жигули» аялдамасы және Абай даңғылындағы «Еуразия» аялдамасы. Газетіміздің фототілшісі Мәди Салық екеуміз жоғарыда көрсетілген жаңа үлгідегі аялдамалардың қазіргі жай-күйін көру  үшін арнайы шықтық.

Алдымен, Назарбаев даңғылындағы «Өлкетану музейі» аялдамасына тоқтадық. Павильонның сырты күзгі балшықтан ластанған. Есіктерезесі бүтін. Бірақ ішіне түнгі уақытта үй-жайы жоқ азаматтар келіп қонатынға ұқсайды. Өйткені қолқаны қапқан жағымсыз иіс кірген бойда сезіледі. Телефон қуаттауға арналған розеткаларының барлығы жасап тұр. Бірақ ол функцияны  пайдалану үшін электр қалқанын  ашып,  тогын  қосып  алу  керек.

DSC03699

Келесі барғанымыз Жуков көшесіндегі  «Теміржол вокзалы» аялдамасы. Бұл жерге де қаңғыбастар келіп қонатыны байқалады. Фототілші екеуміз кіріп, аялдама ішін суретке түсіріп жатқанымызды көрген егде жастағы келіншек аталған бастаманың орынды екенін айтқанымен, қанша суық болса да, ішіне кірмеуге тырысатынын жеткізді. Сөзінше, павильон ішін баспанаға айналдырған «бомждар» ол жерде арақ ішеді екен. Аялдама іші таза көрінгенімен, әр жерде шашылған темекі тұқылы мен жоғарыда аталған аялдамадағыдай жағымсыз иіс келіншектің сөзін растады. Біздің де ол жерде ұзақ тұруға зауқымыз соқпады. Вокзалдағы аялдамада бірде-бір розетка жұмыс істемейтіндігіне көз жетті. Мүмкін электр қалқаннан айырылған болар? Бірақ ішінде орналасқан ток бергіштерді ашатындай  мүмкіндік  жоқ. Барлығы құлыпталған.

DSC03644

Абай даңғылындағы «Еуразия» аялдамасындағы жағдай да алдыңғы екеуінен асып тұр деу қиын. Вокзалдағыдан бір артықшылығы, электр қалқаны ашық. Розеткаларды қосып алатындай мүмкіндік бар. Тағы бір назар аудартар нәрсе, аялдама ішіне қойылған орындықтың жартысын кесіп алып кеткенге ұқсайды. Электр қалқаннан салбыратып шығарып қойған тағы бір розетканың не керегі барын ұға алмадық.

Осы аялдамадан шыққан бойда алдымыздан шыққан бойжеткенді сөзге тартып, жылы аялдамалар туралы ойын білдік. Өзін Әмина Жонысова деп таныстырған бойжеткен күн суықта аялдама кәдімгідей пана екендігін тілге тиек етті.

DSC03683

– Мұндай аялдаманың болғаны жақсы. Аязды күні кейде кешкі салқында ішіне кіріп, жылынып алатындай мүмкіндік бар. Бірақ кей кезде кіріп келгенде ішінде арақ ішіп отыратын адамдарға кезігеміз. Кейде ішкен адам ұйықтап жатады. Қыз бала болған соң аялдама ішінде ішімдік ішіп отырған ер адамдар болса, кірмеуге  тырысамын, – деді Әмина.

DSC03712

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Жигули» аялдамасын да көрдік. Қыруар ақшаға салынған төрт аялдаманың ішіндегі иісі жоқ жалғыз аялдама осы. Біз кіргенде ішіндегі жылуы да қосулы тұрды. Қуат көздеріне де ток келіп тұр. Бірақ есігінің алдына келген біреу жақтауын теуіп, аяғының балшығын жағып кеткен. Екі қабаттап салынған терезе әйнегі шағылған. Әйнекті кім, қашан шаққанын білмейміз. Бірақ әлі күнге дейін әйнек шашылып жатқанына қарағанда аялдама іші жинала қоймайды-ау деген ой түйдік.

DSC03689

Материал дайындар алдында қала әкімдігіне арнайы сауал жолдадық. Бізге берген жауапта шаһар басшылығы аталған аялдамаларды тәртіпсіз тұрғындар жиі бүлдіріп кететінін айтты. Қарап тұрған затты қиратып кету – қанға сіңген болып кеткелі қашан. Тек жылы аялдамалар ғана емес, қала ішін айналып шықсақ, қарапайым ықталған тұрақтардың ішінара бұзылғанын көреміз.

DSC03675

Біз тексеріп шыққан әр аялдама ішінде бейнекамера орнатылған. Былайғы күні көшеде темекі тұқылын тастағандарды камераның көмегімен әшкерелеп жатады. Ал жылы аялдама ішіне кіріп, темекі шегіп, түрлі тамақ қалдықтарын қалдырып кеткендерге неге шара қолданылмайды? Әлде камералар істен шыққан ба? Қала әкімдігі осындай олқылықтардың алдын алу үшін және қыруар ақшаға салынған павильондарды күтіп ұстау шығынын бюджетке артпау мақсатында жылы аялдамаларды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

DSC03661

Әкімдік жауабында сенімгерлік басқару шартында аталған павильондарды қарамағына алған кәсіп иесі олардың сынған, бұзылған бөлігін қалпына келтіру көрсетілген, – деген талап бары айтылған. Ендеше, осы мәселені көпке созбай бір жағына шығарған жөн секілді. Өйткені бұлай жалғаса берсе, 34 миллион теңгені желге ұшырарымыз анық. Қазір оларды үй-күйсіз кезбелер паналап, күнінен бұрын аздырып-тоздыруда. Әрине, гуманизм тұрғысынан алып қарасақ дұрыс. Қаңғыбастар да адам.

DSC03692

Бірақ қарайған ақшаға салынған дүниенің қызығын салық төлеушілер де көргені дұрыс секілді. Қала әкімдігінің  бізге берген жауабында шаһарда алдағы уақытта жылы аялдамалар орнату жоспарланбаған. Ендеше, барын ұқыпты пайдаланайық.

Түгелбай Бисен

Суреттерді түсірген Мәди Салық

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале