Оралда қала күні мерекесіне орай «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Депо шағын ауданында салынған жаңа 6 қабатты тұрғын үйдің кілті табысталды.
Салтанатты шараға БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер «Оралполимер» ЖШС директоры Роберт Ирменов қатысты.
Тұрғындарды Қала күнімен орайлас келген қоныстойларымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Б.Азбаев бүгінгі таңда қарқынды іске асып жатқан мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қаламыздағы көптеген апатты тұрғын үй иелері жаңа пәтерлі болатынын, биылдың өзінде бірнеше баспана қолданысқа берілетінін атап өтті. Пәтер иелеріне кілт табыстау рәсімінен кейін Бағдат Оразалдыұлы қоныстой иелеріне «құтты болсын» айтып кіріп, пәтерлердің жай-күйін шолып шықты.
Айта кетерлігі, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қазіргі таңда 12 үй сырылды, 11 үйді бұзу жоспарлануда, 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр, 1 үй тапсырылса, 7 үйдің құрылысы алдағы уақытта басталмақ.
- Бүгінгі тапсырылған тұрғын үй – «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында салған алғашқы нысанымыз. Жалпы саны 132 пәтердің 32-сі баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға берілсе, қалған 100 пәтерді банктер арқылы сатылымға шығардық. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 2 үйді тапсыруды жоспарлаудамыз,-дейді мердігер компания директоры Роберт Ирменов
- Аталған мекенжай бойынша орналасқан үйден 2006 жылы пәтер сатып алдым. Апатты жағдайдағы баспанамызды мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңасына айырбастау мүмкіндігін иеленіп, бүгін 2 бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Қуанышымда шек жоқ! Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізген «Оралполимер» ЖШС басшылығына алғыс білдіремін,-дейді тұрғын Надежда Сурова.
Аяужан КЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz