9.05.2019, 13:42
Оқылды: 387

Оралда 9 мамыр - Жеңіс күніне орай мерекелік шара өтті

Оралда 9-мамыр - Жеңіс күніне орай   Жеңіс алаңында мерекелік шара өтті.

IMG_9600

Қала тұрғындары Ұлы Жеңістің 74-інші көктемін қарсы алуға күн көтерілген шақтан бастап, жинала бастады. Кеудесіне ордень-медалін таққан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл сайын сиреп барады. 9-10 жасар ұлын жетелеген жас ана қолындағы қызғалдақтарын ұлына ұсынып: «Аталар мен әжелерге сыйлай ғой, олар былтырғыдан да азайып қалған» деп жатыр. Елгезек ұл ана тілегін лезде орындап шықты. Қариялар қауқылдасып, мәз болып қалды. Тағы бір оқушы қыз кеудесі ордень-медальге толы атаға: «Сізбен естелік суретке түсейінші» дейді қиылып. Жан жадыратар көріністер. Жас ұрпақтың аталар ерлігін түсініп, бейбіт күннің қадірін білгеніне қуанып қалдық.

IMG_9698

Мерекелік шарада жиылған жұрт  туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жанын қиған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов ардагерлерді мерекемен құттықтады.  

     – Бүгін Ұлы Жеңістің 74-інші жылын  бізбен бірге ардақты ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлері қарсы алуда. Бейбіт күннің қадірін олардан артық кім біледі?.. Бұл мейрамның қадыр-қасиетін келешек ұрпаққа аманат ету - біздің парызымыз. Өйткені Ұлы Жеңіс ата-бабаларымыздың ерен ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Елбасымыз Н.Назарбаев екінші дүниежүзілік соғыс туралы «Біздің және бүкіл ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысында жеңіс туы үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғаны әрбір жаңа буынды тәрбиелеудің тақырыбы болу керек» ,-деп атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктеріміздің бәрі Ұлы Жеңістің жемісті  жалғасы. 1941-45 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына Ақ Жайық өңірінен 80 мыңға жуық азамат аттанды. Қан майданда ерліктің ғажап үлгілерін көрсеткен олардың тек жартысы ғана елге оралды. Батыс қазақстандық 43 азамат Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. 6 жерлесіміз Даңқ орденінің толық ковалері атанды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін «барлығы майдан үшін», «барлығы жеңіс үшін» деп еңбек етті. Ақжайық тұрғындары да майдан шебіне жылы киімдер мен азық-түлік, қару-жарақ жіберді. Сұрапыл жылдарда елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен аталарымыз бен әжелеріміздің еңбегі қашанда ел есінде. Аға буынның ардақты ісін кейінгі буын абыроймен жалғастырады деген нық сенім бар. Осы тұрғыда Жеңістің қадыр-қасиеті күннен-күнге артып, құны тереңдей түспек. Еліміздің ұйытқысы, жас ұрпақтың ақылшысы болып отырған ардагерлердің ерлігін құрметтеу баршамыздың ортақ ісіміз, -деді Алтай Сейдірұлы.  Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич сұрапыл жылдар туралы естелік әңгіме айтып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін айтулы меркекемен құттықтады.

Елең-алаңнан жиылған жұртшылық «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлердің рухына тағзым етті. Бұл күні қаламыздағы  «Бауырластар зираты», «Қазақ халқының даңқты қыздары» өзге де ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, «Батырларға тағзым – мәңгілік полк» шеруі өтті.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале