8.08.2023, 16:30
Оқылды: 85

Оралда алаяқтарға дроппер қызметін көрсеткен 18 жастағы азамат ұсталды

БҚО полиция департаментінің «Киберпол» бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында 2005 жылы туған М. есімді дропперді анықтап, қолға түсірді. Ол Telegram қосымшасы арқылы жұмысқа тұрған. Қызметінің адам алдаумен байланысты екенін біле тұра, алданған адамдардың ақшасын алаяқтарға жеткізіп отырған.

ЖП Полиция (2)

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 тамыз күні сағат 11:00-де өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз тұлға жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған туысын қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін, «мәселені шешуге көмектесемін» деп түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, алдап 1948 жылы туған зейнеткерден ақша алған.

Алаяқтар курьер арқылы ақшаны өздерінің қанжығаларына басып отырған. Айта кету керек, алаяқтар алдымен курьердің көмегімен 3500 еуро мен 3500 доллар көлеміндегі ақшаны иемденіп алса, кейін қайта телефон соғып, тағы 8 миллион теңге талап еткен.

Екінші оқиғада дропперлер алаяқтарға Орал қаласының 1943 жылы туған тұрғынына тиесілі 4000 АҚШ доллары мен 68000 рубль ақшасын берген. Қылмыс бірінші айтылған қылмысқа ұқсас. Қоңырау шалғандар шабарман жіберетіндерін, ешқайда барудың қажеті жоқ екенін айтады.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға бар-жоғы анықталып жатыр.

 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале