Оралдағы Ғабдолла Тоқай көшесі, 53 мекенжайында апатты үйдің орнына жаңа бес қабатты 20 пәтерлік баспана салынып, халық игілігіне берілді. Ал төрт пәтердің кілті реновация бағдарламасы аясында апатты үйдің тұрғындарына табысталды. Айта кетейік, желтоқсан айында отыз апатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтер берілгенін жазған едік.
2017 жылы апатты қатарына енген үйдің орнына жаңа баспананы «КапиталКом» компаниясы салды.
- Оралда реновация бағдарламасы қолға алынғалы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Екі-үш жылдың ішінде 29 апатты үй бұзылып, 14 үйдің кілтін табыс еттік. Жылдың аяғына дейін тағы сегіз үйдің құрылысы аяқталады деген үміттеміз. Жаңа қоныс құтты болсын! Үйдің іші бақ пен берекеге кенелсін. Мердігер компанияға да алғыс айтамын, - деген қала әкімі Миржан Сатқанов пәтер иелеріне салтанатты түрде кілтті табыстады.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары реновация бөлімінің маманы Шынар Даубатырованың айтуынша, қалада 398 пәтері бар 52 апатты үй және 353 ескі үй бар.
Шаһарда реновация бағдарламасы аясында әлі де сегіз үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ҚПО б.в. компаниясының есебінен қаланың солтүстік-шығысында тоғыз қабатты 180 пәтерлі бір үй бой көтереді.
Динара Насыр,
Фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz