17.06.2020, 15:16
Оқылды: 36

Оралда асаба бір жанұяға пәтер сыйлады

Өңірімізде волонтерлық қозғалыстың дамуына атсалысып жүрген асаба әрі шоумен Құдайберген Сұлтанияров Instagram әлеуметтік желісі арқылы «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген үндеу тастап, ел аузында «Хрусталды бала» атанған Әділхан Бисенбайұлының отбасына баспана алып берді.

Adilxan (2)

– Әділхан бауырымыздың отбасымен бір жылдан бері таныспын. Осы күнге дейін оның еміне қаражат жинап берген болатынбыз. Әділханнан бөлек бұл жанұяда тағы алты бала бар. Өздері қала маңындағы Серебряков ауылында пәтер жалдап тұрған. Жағдайларын ескеріп, қолымыздан келер көмекті көрсеттік, – дейді отбасын қуанышқа бөлеген Құдайберген Сұлтанияров.

Adilxan (3)

Бірнеше жыл бұрын Оралға Атырау өңірінен көшіп келген Әділханның анасы Ляззат Өтепқалиева содан бері пәтер жағалап жүргендерін айтады. Осы кезге дейін біреудің табалдырығын тоздырып келген олар өз баспанасына қол жеткізгендеріне өте қуанышты.

– Құдайберген ағама және үй алуымызға қол ұшын берген бараша отандастарыма алғысым шексіз. Еліміздің әр отбасы біз кенелген бақытқа кенелсін, – дейді үйінің кілтін қолына алған Әділхан Бисенбайұлы.

Айта кетейік, Құдайберген бауырымыз «Ақжайық жастары» волонтерларымен бірігіп осыған дейін де бір мұқтаж отбасыға пәтер алып берген болатын.

Түгелбай Бисен,

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале