ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығында әскери кеңес өтті.
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы, капитан Ертуған Әубакирдің хабарлауынша, әскери кеңеске «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев және басқарма офицерлері қатысты.
Сондай-ақ әскери кеңеске ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, генерал-майор Қайрат Ақтанов және өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің командирлері мен олардың орынбасарлары видеоконференция режимінде қатысты.
Отырыс барысында генерал-майор Арман Жұмағалиев Ұлттық ұлан жеке құрамының орындайтын міндеттерінің маңыздылығы артып келе жатқанын тілге тиек етіп, офицерлер мен сержанттардың әдістемелік шеберлігін үнемі жетілдіріп, жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік даярлық барысында жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауды басты назарда ұстау керектігін айтты.
Басқосуда алғашқы болып «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы полковник Акбаров Нариман баяндама жасады.
Баяндамада жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік даярлыққа және офицерлермен сержанттардың кәсіби шебер болуына ерекше назар аударды.
Ал «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ситников Павел өткен жылдағы әскери бөлімдердегі командирлік және жауынгерлік дайындықтың жай-күйі туралы кеңінен мәлімдеп, 2023 жылдың 1 жартыжылдығына арналған тапсырмаларды баяндады.
Осыдан кейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Бақыт Алазов «2022 жылғы әскери бөлімдердегі заңдылық пен әскери тәртіптің жай-күйі туралы» және «2023 жылдың 1 жартыжылдығына арналған тапсырмалар туралы» баяндама жасады. Сондай-ақ жиында әскери бөлім командирлерінің баяндамалары тыңдалды.
Отырыс барысында ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, генерал-майор Қайрат Ақтанов Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің еліміздегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
Сондай-ақ Ұлттық ұлан әскерінің алдына қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін басқару органдарының жұмысын жетілдіру керектігін айтты.
Әскери кеңестің соңында жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік даярлықтың және әскери бөлімдегі заңдылық пен әскери тәртіптің нәтижесі бойынша үздік деп танылған әскери бөлімдер «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының дипломдарымен марапатталды.