Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінде 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған кешенді шаралар аясында волейболдан Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері мен осы тектес құрылымдар арасында турнир мәреге жетті.
Жарысқа БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұланға қарасты №5517 әскери бөлімі, «Бүркіт» арнайы бөлім жасағы, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты №2029 әскери бөлімі, тәжік-ауған ұйымының ардагерлерлері және «Батыс» өңірліқ қолбасшылығы ардагерлер ұйымының «Ардагер» командасы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша «Бүркіт» арнайы бөлім жасағы командасы жеңімпаз атанса, олардан бір ұпайы кем «Ардагер» екінші, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, 1995 жылғы 7 сәуір күні Пендж өзенінің бойымен Пшихавр шатқалы арқылы жүріп келе жатқан жүкті күзетіп келе жатқанда, шекара постылары арасында колоннаға Ауғанстан жағынан моджахедтер оқ жаудырды. Қарсыластың күші басым болған ұрыста Ішкі әскердің 17 жауынгері қаза тауып, 33 әскери қызметші әртүрлі деңгейде жарақат алды. Жауынгерлік қызметтің қорытындысы бойынша, Ішкі әскерлердің 33 әскери қызметшісі І дәрежелі «Әскери қызметтегі ерекшелігі үшін» медалімен марапатталды.
zhaikpress.kz