ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының БҚО бойынша филиалында ашық есік күні өтті. Тұрғындарға азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде кеңестер айтылып, сұрақтарға жауап берілді.
Сондай-ақ тағам өнімдері арқылы уланудың, ішек және паразитарлық жұқпалардың алдын алу мәселелерін талқылап, жан-жақты ақпарат берген семинар да ұйымдастырылды.
Шағын тамақтану орындарын, азық-түлік дүкендерін ашып отырған кәсіпкерлерге филиал мамандары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары, ішек жұқпалары және тағамнан улануды болдырмаудың ережелері, паразиттік аурулардың өзектілігі, өндірістік бақылау жөнінде баяндап, слайдтар көрсетті.
«Біздің мекеменің негізгі қызметі - зертханалық зерттеулер жүргізу. Орталықта зертханалық қызметтердің толық спектрін қамтамасыз ететін 5 зертхана бар. Барлық зертхана аккредитациядан өткен. Біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ететін қосалқы мердігерлердің тізіліміне кіреміз», - дейді филиал директорының орынбасары Светлана Уәлиева.
Оның айтуынша, зертханада облыс бойынша 367 қызметкер еңбек етуде.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz