Оралдық ақын ару Арайлым Хабиболланың «Күзгі элегия» атты шығармашылық кеші өтті. Сыр мен сезімге толы эстетикалық әдеби кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дариға Нұрашова, аға буын ақындар Абдул Рахметов пен Алтынбек Ермекқалиев және жыр сүйер оқырман қатысты.
Оралда еркін форматта өтетін әдеби-поэзиялық кештің сиреуі жас қаламгерлер мен аға буынды алаңдататыны рас. Әрі өлеңге жаны құмар оқырман да шөліркеп қалғаны тағы бар. Поэзия атмосферасын сезіндіретін мейрамхана тауып, оны оқырман қалауына сай көрнекілендіру, кешке жұмсалар қаражатты өз қалтасынан бөлу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ақын – тұңғиық-түнегіндегі мазалы ой мен шынайы сезімдерді өлеңмен өрнектеп, қоғамды толқытқан мәселелерді баса айтатын батылдыққа ие. Ақын ару «батыл келеді» деген ұғымның тағы бір дәлелі осы кеш. Себебі өлең деп өзегі өзеурегендердің бұған дейін мұндай кеш ұйымдастыруға батылы бармаған.
Арайлым алғашқы рет 2021 жылы кешін беріп үлгерген. Таяуда «Тұңғиық» деп аталатын кітабы жарық көріп, таныстырылымы өткен болатын. Мектеп кездегі өлеңге деген махаббаты ақындыққа жетелеп, облыстық, аудандық байқауларда топ жарып, жан-жақты жетілген.
- Маған өлең жазуды өмір үйретті. «Жас ақындар клубы», «Шешендік өнерге баулу» секілді үйірмелерге қатыспағанмын. Бірақ әлеуметтік желідегі оқырман қолдауы, өлеңіме қызығушылық білдірген адамдардың көбеюі талантымды өз бетіммен ұштауға септігін тигізді. Содан бері жыр деп жатып, толғау деп тұрып, өлең ұйқастарымен ұйқыға көз ілетін сезімді кештім. Былтыр таңдаулы өлеңдерімнен жинақталған «Тұңғиық» деп аталатын кітабым жарыққа шықты. Оны оқырман сезім тұңғиығына сүңгіген ару өлеңдері деп қабылдады. Кітап атауы көпті қызықтырып, сан түрлі ойдың тууына әкелді. Мұның ішінде дұрыс та, бұрыс та пікірлер ұшырасады. Тұңғиық сөзі шегі жоқ, терең деген мағынада жиі қолданылады. Ал менің кітабымның атауындағы Тұңғиық - «Кувшинка белая» гүлі. Мен өскен өлкеде осы гүлді жиі кездестіретінмін. Кішкентайымда ол гүлден гүлдесте жасап, басыма тәж етіп тағып жүруді ұнататын едім. Өзен жағасында болған. Бірақ ол гүл өзеннің арғы бетінде өсіп тұрушы еді. Отбасында екі қыз болғандықтан, әкем жанына серік етіп балыққа алып шығатын. Гүлден гүлдесте жасауға қызығатынымды біледі. Әкем сонда «Бұл гүлді жұлушы болма, егер жұлсаң тұңғиыққа алып кетеді. Ол гүлдің аты Тұңғиық деп тектен-тек айтылмаған» деп рұқсатын бермейтін. Тоғызыншы сынып бітіргенде қалаға оқуға келдім. Адамға қашан да өзінің қолы жетпеген дүниесі қадірлі, аяулы. Содан кітап атауын қоярда осы бір атқа тоқталдым. Әрі сол гүлді есіме алсам балаң сезіміме, балалық арманыма ораламын, - деді ақын Арайлым Хабиболла.
Қаламызда ақын ер-жігіттер ара-тұра поэзиялық кеш ұйымдастыратыны болмаса, көбіне әйел заты мұндай істерден аяқ тартады. Ақын Дариға Нұрашова кешті ұйымдастырушы арулар Арайлым Хабиболла, Альфия Шамаева, Толқынай Сарбаеваға алғысын білдіріп, бұл кешті «Батыл арулардың кеші» деп атады.
- Бұл кеш алдын ала арнайы жарнаманы қажет етпей, еш жерге жар салусыз жарқ етті. Қысқа уақыт ішінде өлең құмар жастардың арасында таралып, олардың бір мезгілде жинала қалуы да қуантты. Кешкі шамның жарығымен жарыса өлең оқып, бірер сағатта түрлі күйге бөленіп үлгердік. Өзім бейресми форматта өтетін кештерді ұнатамын, әрі осындай кешті өзім де көптен күтіп жүрген едім. Дайын сценарий, жаттанды сөз жалықтырады. Бейресми форматты кешті қалай алып шығады деген ой болған, әрі соңымыздан ерген өкше басар сіңлілерімді көргім келді. Осы кеш арқылы өңірде бастамашыл жастардың саны артып келе жатырғанын байқадым, - деп апалық ілтипатын білдірді.
Биыл мерейлі 80 жасқа толған Ақжайықтың ақ шағаласына айналған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерімен шара шымылдығы түрілді. Жиналған жас ақындар мен өлең сүйер жандар «Еркін микрофон» айдарында жыр оқып серпілді. Одан бөлек, Асланбек Қуанәлиев әуезді әндерімен елжіретті. Кеш соңында Арайлым қатысып отырған әкесі Мереке Төремұратовқа арнаған өлеңін оқып, перзенттік ыстық сезімін жеткізді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі» газеті,
zhaikpress.kz