29.01.2024, 11:45
Оқылды: 138

Оралда батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің өнер кеші өтті

Өткен сенбіде «Атамекен» өнер ордасында «Мұхиттың мұрагерлері» атты батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің өнер кеші өтті.

ММ (2)

 Дәстүрлі ән тыңдауға көрермен көп жиналды. Дәстүрлі ән өнерін дәріптеген кешке «Отан» орденінің иегері, қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерман, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Асылтас» қоғамдық қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Дулат Тастекей де қатысты.

ММ (11)

Қазақ даласын тербеген Мұхит әндерін сағынған жұрт сағат жарым тапжылмастан таза дауыстағы, шынайы ән тыңдап, Мұхит мұрагерлерінің өнерін тамашалады. Ұлттық музыканың алтын діңгегі болған Мұхит әндерінің өміршеңдігі де осында болса керек. Өнер тарихында суреткерлік болмысымен танылған таланттардың бірі Мұхит Мерәліұлы өз туындыларының өлеңін де, әнін де өзі жазған. Ол мәтіндегі әр сөзінің әсерін әуен арқылы арттырып, күшін өсіре түскен. Шандоз ән шебері, халық психологиясының білгірі Мұхит Мералыұлы қашанда дыбыстар жүйесін әр қырынан құбылта құруымен тыңдаушысын эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып отырған.

ММ (1)

Рухани кеште үш жүзден ән асырған Мұхиттың халық арасына кең тараған «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек» тағы басқа әндерін өңіріміздің дәстүрлі әншілері шарықтата шырқады. Құлақ құрышын қандырар күмбірлеген домбыра үнімен айтылар табиғи әнге сусаған жұрт әр әншіге қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

ММ (3)

Концертте дәстүрлі әнші-жыршылар Хатимолла Бердіғалиев, Серік Абдрахманов, Сағадат Рахметжанов, Асхат Оразов, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиев, Күләш Қуанышқалиева, Қайрат Кәкімов, Жақсылық Есламғалиев, Фархат Оразов, Ақмарал Кемелханова, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхаметжанова, Бейбіт Қажығалиев, Ернар Өмірәлі, Данияр Елеуов тағы басқа өнерпаздар тыңдарманын тамсантып, әуелете ән салды.

«Атамекен» өнер ордасының кулуарында Жайық топырағынан түлеп, домбыраны дос тұтқан тарихи тұлғалардың аспаптарының көшірмелері және тұтынған киімдерінен жасалған көрме көрермен назарына ұсынылды.

ММ (46)

Екі сағатқа созылған Мұхит мұрагерлерінің ән кеші жоғары деңгейде өтті.

Гүлжамал Жолдығали,

Фотоға түсірген: Мәди Салық және «Атамекен» өнер ордасының

баспасөз қызметінен

zhaikpress.kz

ММ (9)

ММ (17)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале