25.11.2019, 17:43
Оқылды: 179

Оралда Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші өтті

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, журналист, ақын Бауыржан Халиолланың 40 жас мерейтойына орай «Таң менен бесін арасы» атты шығармашылық кеші өтті.

bauyrzhan haliolla keshi (2)

Қос уыстай ғана Қособадан шығып, Алатауға барып ат жалын тартып, азамат болып, үлкен өмірге араласқан ақынды мерейлі жасымен құттықтап, алыстан ат арылтып келген қонақтар легі мол болды. Белгілі ақын, журналист, «Ана тілі» басылымының бас редакторы Жанарбек Әшімжан тізгінін қолға алған кеш барысында ақ тілектер ақтарылып, ән мен жыр құйылды.

Ақ Жайық төріне ақынның шашбауын көтеріп келген құрметті қонақтарға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев Бауыржан Ергенұлын облыс басшылығы атынан құттықтады.

Алаштың абыз ақсақалына айналған Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ театр өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов:

bauyrzhan haliolla keshi (18)

«Басқаның тойы тойланбаса да, ақынның тойы тойлануы керек. Өйткені бір шумаққа ел мен жердің мұңын сыйғызатын жандар басқалардан бір саты жоғары. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша інісі ағасынан қалған киімді киген. Біз де әкеміз бен ағамыздың ескісін киіп өстік», - деп өзінің киген шапанын кеш иесінің иығына жапты.

bauyrzhan haliolla keshi (10)

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын, журналист Жүрсін Ерман Б.Халиолланың айтыс өнеріндегі орны, жеткен жетістіктері жайында айтып, Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев әннен шашу шашты. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері, қаламгер журналист Мереке Құлкенов қалың қаламгердің ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізді. Ақынға ақ ниетін арнаушылар қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі баспасөз қызметінің басшысы Нұрбол Қапешов, Нұр-Сұлтан қалалық Жазушылар одағы филиалының басшысы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тұңғыш Абай сыйлығының лауреаты, Есенин медалінің иегері, ақын, «Жұлдыз» журналының редакторы Ғалым Жайлыбай, Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, елордадағы орыс драма театрының директоры Айболат Сексентаев, Маңғыстаудың маңғаз ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы Берік Жүсіп болды.

bauyrzhan haliolla keshi (14)

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Ақ Жайық жұрты атынан ізгі тілегін жолдап, аналық батасын арнады. «Бауыржанды «тентек ақын» дейді екен көпшілігі. Тентектік деген сөздің реті ғана. Шын мәнінде, ақынның бәрі еркіндікті аңсайды. Еркіндік аңсаған адамнан асаулық байқалатыны – табиғи заңдылық», - деді.

bauyrzhan haliolla keshi (1)

Белгілі әнші-сазгер, бүгінде Бауыржан Ергенұлы басшылық ететін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының алғашқы басшысы Донеділ Қажымов інісіне ағалық ақ тілегін арнап, Қадыр ақынның өз қолымен жазылған, бүгінге дейін ешкімнің қолы тимеген қолжазбасын сыйға тартты. Жігіттің үш жұртының бірі саналатын нағашы жұрты атынан Құсайын Бақтиярұлы кеш иесіне тұлпар мінгізді.

Бұл кеште Бауыржан Халиолланың азаматтық және ақындық тұлғасы, туған өлкесі мен мәдениет саласына қосқан үлесі жайлы ақтарыла айтылып, ақындығымен қатар сазгерлік қырын танытатын әсем әндер шырқалды.

bauyrzhan haliolla keshi (3) bauyrzhan haliolla keshi (4) bauyrzhan haliolla keshi (5) bauyrzhan haliolla keshi (8) bauyrzhan haliolla keshi (12) bauyrzhan haliolla keshi (13) bauyrzhan haliolla keshi (15) bauyrzhan haliolla keshi (20)

Аяужан Кереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале