«Атамекен» өнер ордасында белгілі сазгер, әнші-термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», І дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарының иегері, үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі Баян Қабиеваның «Ән-Баян» атты фильм-концерті өтті.
Ұлттық өнердің жанашыры, халқымыздың бай мұрасын насихаттап жүрген ұлағатты ұстаз, әнші-термеші Баян Қабиеваның шығармашылық кешіне халық көп жиналды. Баян Құбайқызы – Жалпақталдың тумасы. Ол Алматы эстрадалық студиясында атақты әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбынан дәріс алған. Алғашқы еңбек жолын сол кездегі Жалпақтал ауданына қарасты Жас ауылында бастап, содан бері табан аудармастан туған елге қызмет етіп келеді. Ол осы жылдар ішінде тынымсыз еңбек ете жүріп, жас таланттарды тәрбиелеп, киелі сахнаға шығарды. Солардың бір тобы «Ән-Баян» кешінде өнер көрсетті. Тек Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетелдерде танылып жүрген үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің орындауындағы әндер халықтың ерекше қошеметіне бөленді.
Әнші-сазгер Баян Құбайқызының шашбауын көтеріп келген Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мақпал Жүнісова сахнаға шыққанда көрермен дүр сілкінді. Мерейтой иесінің әндері лирикаға бай екенін ерекше атап өткен Мақпал Жүнісова қазақтың домбырасы мен қобызын насихаттап, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Баян Құбайқызын ерекше құрметтейтінін айтып, сазгердің әндерін бабына келтіре шырқады.
Осы күні сахна төрінен табылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Гүлмира Сарина да Баян Құбайқызының әндерін орындап, көрерменнің шынайы ықыласына бөленді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған кеш ерекше сипатта өтті. Ән кешінде жергілікті өнерпаздар да Баян Құбайқызының әндерін әуелете шырқады. Қиқулап отырған көрермен сахна төріне ән Баянның әндерін алып шыққан әр әншіге қол соғып, қошеметін аямады.
Алақандай ғана ауылда жүріп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген Баян Құбайқызының ұшан-теңіз еңбегін бағалаған нөпір халық үлкен залға сыймады. Сыртта тұрып, ән тыңдаған көрерменді де көз көрді.
Ауыл балаларының қолына домбыра ұстатып, өнерге баулып жүрген әнші-сазгер Баян Қабиеваның шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті. Ол ұлттық өнерді ұрпақ бойына сіңіріп, тәрбиелеп, дүниетанымын қалыптастыруды өз міндеті санайтынын ылғи айтып жүреді. Сондай-ақ өнер жанашыры, әнші-ұстаз «Шапағат» әжелер ансамбліне, халықтық отбасылық Қабиевтер ансамбліне жетекшілік етеді. Әрдайым алға ұмтылып, білгенін жас ұрпаққа үйретуден жалықпаған Баян Құбайқызының кәсіби білімі, өнердегі берік ұстанымы, іскерлік қабілеті мен азаматтық парасаты зор құрметке бөледі. Оған «Ән-Баян» кеші куә.
Өнер кешінде Баян Қабиеваның «Ұстаз аманаты» және ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер-ақын Жібек Болтанованың «Ана әлдиі» кітаптарының тұсауы кесілді.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz