21.07.2026, 14:45
Оқылды: 23

Оралда болашақ Ұлттық ұлан офицерлері тәжірибеден өтіп жатыр

Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Петропавл қаласындағы Әскери академиясының 3-курс курсанттары өндірістік тәжірибеден өтуде. Болашақ офицерлер үшін бұл – аудиторияда алған теориялық білімді әскери бөлімнің күнделікті қызметімен ұштастыратын маңызды кезең.

0e089fc0-bdf6-4bc7-904c-876c86c65161

Бүгінде әскери бөлімде 12 курсант тәжірибеден өтуде. Олар үш жыл бойы меңгерген әскери білімдерін іс жүзінде шыңдап, жауынгерлік даярлық сабақтарын ұйымдастыру, жеке құраммен жұмыс жүргізу, әскери құжаттарды рәсімдеу және бөлімнің қызметін ұйымдастырудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Сонымен қатар жас сарбаздармен оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп, болашақ офицерге қажетті басқарушылық дағдыларын жетілдіруде.

cd2b01db-0c60-4896-8892-7582d24e4e9c
Курсанттар әртүрлі әскери мамандықтар бойынша білім алуда. Олардың қатарында инженерлік қамтамасыз ету, байланыс және тылдық қамтамасыз ету бағытында оқып жүрген болашақ офицерлер де бар. Практика барысында әрқайсысы өз мамандығына сәйкес әскери бөлімнің қызметіне араласып, нақты міндеттерді орындау арқылы кәсіби тәжірибе жинақтауда.
Практикаға қатысушылардың бірі, Әскери академияның 3-оқу батальонының курсанты Артур Шалқарұлы, тәжірибенің маңыздылығына тоқталды.
– Әскери академияда алған білімімізді нақты әскери бөлім жағдайында тәжірибемен ұштастыру – болашақ офицер үшін үлкен мектеп. Мұнда біз жеке құраммен жұмыс істеуді, қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында дұрыс шешім қабылдауды үйренудеміз. Осындай тәжірибе бізді ертеңгі офицерлік қызметке жан-жақты дайындайды, – деді курсант.
Курсанттардың өндірістік тәжірибесі 31 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде олар әскери қызметтің барлық негізгі бағыттарымен танысып, өздерінің теориялық даярлығын тәжірибемен бекітеді.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале