Жайықтың жағасын жайқалған жасыл желекке бөлейтін, өңірдің экологиялық болмысын жаңғыртуға бағытталған бірегей жоба Орал қаласындағы Ботаникалық бақ құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық бағдарламасы аясында және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген іргелі бастама «Freedom Holding Corp» компаниясының қолдауымен жүзеге асты.

М. Шолохов көшесі бойында бой көтерген жаңа бақ өңірдің экологиялық мәдениетін көтеріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды нысан. Бұл бастама қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, табиғатпен тілдесіп, жан тыныштығын табуға мүмкіндік беретін ерекше кеңістік қалыптастырды.

Бақтың салтанатты ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «Freedom Holding Corp», бас атқарушы директоры Тимур Турлов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева, «Орал қаласының ботаникалық бағы» қоғамдық қорының директоры Қайрат Каримов және қала тұрғындары қатысты.

– Бүгінгі күні өңір үшін тарихи маңызға ие оқиға болып отыр. Бұл бақ табиғат пен адам арасындағы үйлесімнің символы. Біз мұнда тек демалатын немесе қыдырып кететін орын емес, жас ұрпаққа білім сыйлайтын, ғылымға жол ашатын орталық қалыптастырамыз. Қазірдің өзінде әлемнің іргелі ботаникалық орталықтарымен байланыс орнаттық. Ғылыми жобаларға серпін беріп, өңір биоәркелкілігін сақтауға күш саламыз. Мектеп оқушылары мен студенттер үшін де бұл бақ зертхана, тәрбие мен таным ордасы болмақ, – деді Қайрат Каримов.
Жалпы аумағы 9,0919 гектарды құрайтын жасыл мекеннің инфрақұрылымы жан-жақты ойластырылған. Келушілерді қарсы алатын Welcome center визит-орталығы, ақпараттық қызмет көрсету аймағы, кең автотұрақ, сулы өсімдіктер тоғаны, жылыжай және ғылыми-өндірістік аймақ бәрі де заманауи талаптарға сай. Шатырлы демалыс аймағы, үстел теннисі алаңы, шахмат бұрышы тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырады.
Бақтың салтанатты ашылуында сөз алған Гүлнара Ситпаева бұл жобаның ел тарихындағы маңызын ерекше атап өтті.
– Дүниежүзінде екі мыңнан астам ботаникалық бақ бар. Қазақстанда олардың саны жетеу. Оралдағы бақ жеке инвестиция есебінен салынған алғашқы ірі жоба. Бұл тек демалыс орны емес, өңірдің биоәркелкілігін сақтауға бағытталған ғылыми орталыққа айналады. Табиғатқа жанашырлық танытып, осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді ол.
Бақ аумағына 1500-ден астам ағаш және 11 мыңнан аса бұта отырғызу жоспарланған. Бұл қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға төрт мезгіл бойы табиғатпен тыныстауға мүмкіндік беретін жасыл белдеу.
«Орал қаласының ботаникалық бағы» қоғамдық қоры құрылған болатын. Қордың құрылтайшысы Қайрат Каримовтың алдағы уақытта бақтың дамуы, ғылыми-ағартушылық жобалар, экологиялық шаралар осы қор арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылатынын атап өтті.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен Тимур Турлов бақ аумағында ағаш отырғызып, жасыл желектің алғашқы көшеттеріне өмір сыйлады. Бұл қадам – табиғатты аялауға, келер ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға арналған ізгі ниеттің көрінісі болды.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген: Бекзат Қанәділ
