Орал қаласында Бисен Жұмағалиев көшесіндегі жолдың нашарлығына байланысты әлеуметтік желіде бейнежазба тарады, - деп жазады kaz.inform.kz.
Сурет: kaz.inform.kz.
Көше тұрғындарының сөзіне қарағанда, былтыр жөнделген жол опырылып қалған. Көше бастан-аяқ солай деуге болады, жүк көліктері батып қалады, жүру мүмкін емес. Осыған байланысты Орал қаласы әкімдігі жауап берді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Б.Жұмағалиев көшесінде өткен жылы тамыз айында шұңқырларды жөндеу жұмысы жүргізілген.
— 10-шағынаудандағы «Жайық арена» спорт кешенінің құрылысы кезінде ірі жүк көліктері осы көше арқылы қатынап, жолда ақаулар пайда болды. Қазір қала бойынша ағымдағы жол жөндеу жұмысы басталды. Алдымен негізгі көшелер жөнделіп жатыр. Жақын арада Б.Жұмағалиев көшесі де ағымдағы жөндеуден өтеді, - деп хабарлады ведомстводан.
Ойық шұңқырлар тек Б.Жұмағалиев көшесінде ғана емес. Шаһардың басқа да тұстарында жол ойдым-ойдым болып тесіліп жатыр.