Облыстық тарихи-өлкетану музейінде мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Салт дәстүрім – қазынам» атты іс-шара өтті.
Ұлттық салт-дәстүрді насихаттаған іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев, ардагер-жупналист, өлкетанушы Тихон Әліпқалиұлы, музей саласының ардагері, ҚР мәдениет қайраткері Сара Танабаева, М.Өтемісов атындағы БҚУ ардагер-ұстазы, тарихшы, өлкетанушы Балқия Бақтығұлова және студенттер қатысты. «Бесікке салу» рәсімі көрсетілді.
Іс-шара барысында қонақтар ұлттық құндылықтар, бесікке салу дәстүрі жөнінде баяндады. Одан соң алтын құрсақты ана Жаңылай Арыстанова қазақ халқының бесікті киелі, қасиетті мүлік санағаны жөнінде әңгімелеп, бесіктің жабдықтарымен таныстырды. Бесікті аластап, «тыштырма» дәстүрін көрсетті. Жұмалиевтер әулетінің немересі Томиристі бесікке салды. Бесік жыры айтылып, қариялар бата берді. Мерекелік іс-шараны облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.
Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz