Ақ Жайық төрінде қазақтың дәстүрлі ән өнері үшін тарихи белес бағындырылды.

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов домбыраның сүйемелдеуімен 132 дәстүрлі әнді үздіксіз орындап шықты.


Алты сағаттан астам уақытқа созылған өнер марафонының нәтижесі Азия және Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының өкілдері тарапынан ресми түрде расталып, бас тіркеуші офицер Қуандық Құдайберген өнерпазға арнайы төсбелгі табыстады.

Айтулы шара барысында мекеме басшысы Бауыржан Халиолла ұжым атынан облыс басшылығына алғыс білдірсе, өңір басшысы Нариман Төреғалиев жиналған қауымды құттықтап, рекордшылар мен «Тимур Құлыбаевтың «HALYK» қайырымдылық қоры» жеке қорының бас директоры Сағынбек Шункеев бастаған демеушілерге алғысхаттар тапсырды.


Сондай-ақ «HALYK» банкі мен аталған қордың демеушілігімен дәстүрлі ән өнерінің саңлақтары Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімовке автокөлік кілттері салтанатты түрде берілді.


Бұдан бөлек, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов ел атынан Қайрат Кәкімовке арғымақ мінгізіп, өнер иелеріне ерекше құрмет көрсетті.


Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі