Биыл Қазақстан Композиторлар одағына 85 жыл толды. Осыған орай «Атамекен» өнер ордасында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Туған ел – бәйтерегім» атты концерті өтті.
Мерейтойлық кеш алдында «Туған ел – бәйтерегім» тақырыбында конференция жүзеге асты. Оған Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі Сәукен Әліш, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, «Құрмет» орденінің иегері, дирижер Еркін Нұрымбетов қатысты. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Бауыржан Халиолла қазақ даласындағы ұлттық музыканың дамуына үлес қосқан өнер иелері туралы айтып өтіп, алыстан ат терлете келген іс-шара қонақтарына алғыс білдірді. Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығын Жайық жұртшылығы тойлап жатырғанына Серікжан Құттымбетұлы дән риза.
– Композиторлар одағы – қазақ музыка өнерінің өркендеп дамуына сеп болып келе жатқан шығармашылық ұжым. Биыл сексеннің бесеуіне адымдаған бұл ұйым осы жылдар ішінде жемісті еңбек етіп келеді. 1939 жылы қазақстандық композиторлар Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Сергей Шабельский және Борис Ерзакович Қазақстан Композиторлар одағын бірігіп құрған. Бүгінде одақтың ықпалы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында 52 опера, 17 балет қойылымы, сондай-ақ симфония, аспаптық музыка, романстар мен жаңа әндер өмірге келді. Отандық ауторлардың шығармалары ел ішінде, ТМД және шет елдерде орындалып, ән қоржыны заманауи туындылармен толығып, тыңдарман қауымды талай тәнті еткен. Ақ Жайық өлкесі де ән өнерінің даму жолында аяқ тартып қалмады. Мерейлі концертіміздің «Атамекен» өнер ордасында дүркіреп өтуіне мүмкіндік беріп жатқан басқарма басшыларына алғысымды білдіремін, – деді ол конференция барысында.
Елімізде «Қазақ халық аспаптары оркестрі» атағын алған он тоғыз ғана шығармашылық топ бар. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі – аталмыш музыкалық атаққа ие болған шоқтығы биік ұжым. Оған қоса, халықаралық «Серпер», «Жұбан көктемі» фестивальдерінің лауреаты атанған. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов. Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай бабамыздың атындағы облыстық филармония ұжымы Астана, Алматы, Қызылорда қалаларына өнер сапарын ұйымдастырды. Одан бөлек Орал шаһары мен облысқа қарасты аудандарда осы жылы бірнеше концерт қойды. Іс-шара шымылдығы биыл ел ішінде ғасыр тойы тойланып жатқан Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» поэмасымен түрілді. Содан кейін Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров пен Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сәукен Әліш сахна төріне шығып, шығармашылық ұжым мен өнерсүйер көрерменге жылы лебізін білдірді. Кеш барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, пианист, композитор Максим Попов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты, әнші-композитор Қуаныш Қисметов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы Айгүл Ерғалиеваға мерекелік медаль табысталды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-композитор Марат Сарбөпеевке мерекелік медальмен қатар, Қазақстан Композиторлар одағының мүшелік билеті берілді. БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов меймандарға облыс әкімінің алғысхатын ұсынып, ақжарма тілегін айтты.
– Өнерсүйер көрермен, бүгін Ақ Жайықтың төрінде тағы бір дүбірлі той бастау алды. Бүгінгі кешке Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров қатысып отыр. Облысымызға арнайы келіп, өнер иелеріне марапатыңызды табыстап, жылы лебізіңізді арнап жатқаныңыз нұр үстіне нұр болып, мерейімізді арттырды. Қазақ ән өнерінің тарихы терең. Құрманғазы Сағырбайұлы, Мұхит Мералыұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Ғарифолла Құрманғалиев секілді өнердің өшпес тұлғалары қазақ музыкасына үлкен үлес қосты. Бүгінде өңір өнерпаздары олардың ізін басып, сахнада жарқырап келеді, – деді Медхат Қамбетов.
Бабадан мұра болып қалған қасиетті өнерді жандандырып, шығармашылығын шыңдап келе жатқан Еркін Нұрымбетовке Қазақстан Композиторлар одағының арнайы алғысхаты табысталды. Концерт атауына арқау болған С. Әбдінұровтың «Туған ел – бәйтерегім» әнімен іс-шара түйінделді.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz