27.06.2024, 19:30
Оқылды: 62

Оралда денсаулық апталығы өтіп жатыр

Оралдағы №4 қалалық емханада 24-30 маусым аралығында репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Аталған емхана директорының орынбасары, бала дәрігері Алмагүл Мұстафинаның баяндауынша, бұл апталық Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған.

284F78A5-8B00-408D-B3A9-576AE7884EF7

– Апталықты №4 қалалық емхана жанындағы «Демеу» жастар денсаулық орталығы ұйымдастырды. Жалпы осы орталық жастарға репродуктивті және психикалық денсаулықты қорғау бойынша тегін медициналық көмек ұсынады. Мамандардың көмегіне аталған емханаға ресми түрде тіркелмегендер де жүгіне алады. Репродуктивті денсаулық, жанұя құруды жоспарлау, контрацепция, предгравидарлық дайындық, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың және ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп, жастарға пайдалы ақыл-кеңестер айтылды. Психолог ретінде апталық қатысушыларымен тілдестім. Олардың жанайқайын тыңдап, барынша көмектесуге тырыстым, - деді «Демеу» жастар денсаулық орталығының психологі Назгүл Жұмалиева.

Жалпы «Демеу» орталығы жастар үшін құрылған. Назгүл Демеуғалиқызының сөзіне сүйенсек, жастар орталыққа әртүрлі мәселелерімен келеді.

Көбіне жас жұбайлар бір-бірімен түсінісе алмай жүретінін алға тартады. ҰБТ-ны ойлап, сарсаңға түскен кейбір оқушылар депрессияға салынып, ата-аналарынан қолдау күтеді. Олар оқуға түсе алмай қаламын деген қорқыныш салдарынан күйзеліп, қоғамнан оңашалана береді. Психолог маманның мәлімдеуінше, мұндай жағдайда әке-шешелері ұл-қыздарымен тілдесіп, жақынырақ сырласып, әрі қарай бір амалы табылып, білім алуға мүмкіндік туатынын жеткізуі қажет.

6F9F0ADB-9143-479E-A2C7-FDA3E0C2AE48

– Репродуктивті жүйе – бала туу қызметін қамтамасыз ететін мүше мен ағза жүйелерінің жиынтығы. Күйзеліс, ұйқының қанбауы, шаршау, невроз және психиканы зақымдайтын басқа да жағдайлар сперматогенез белсенділігін төмендетіп, қозу қызметінің бұзылуын тудырады. Зиянды әдеттер, соның ішінде ішімдікті, темекіні және есірткіні тұтыну – белсіздікке апаратын тура жол. Ерлер үшін сыра құрамында фитоэстрогендер болғандықтан, ең зиянды алкогольді ішімдік болып табылады. Жоғары температураның әсері, күннің, ыстықтың өтуі, жалпы ағзаның қызуы сперматогенезді төмендетеді. Аз қимылдау да сперматогенезге әсер етеді. Түсік тастау қаупін төмендету үшін жүктілікті жоспарлау алдында әрбір әйел толық медициналық тексерістен өтуі тиіс. Ерлі-зайыптылардың күн тәртібін сақтап, дұрыс тамақтанып, ұйқы мен тынығуды қадағалап, таза ауада серуендеп, жаттығулар жасауы және зиянды әдеттерден аулақ болғаны абзал, - деді Алмагүл Базарғалиқызы.

Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале