Жуырда Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының Орал қалалық мектептеріндегі достық клубтарының отырысы өтті.

Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Айгүл Туркина жүргізген іс-шарада достық клубтарының жұмысы қорытындыланды. «Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, қазақ халқының және өзге ұлттардың ата дәстүрін насихаттау. Яғни өзара татулық, тұтастық болуы шарт. Алайда қалалық мектептердің көпшілігі бізбен тығыз байланыста жұмыс істемейді. Сондықтан әрбір мектеппен меморандумға отырғымыз келеді. Жалпы биыл ассамблея белсенді жұмыс істеді», – деген Айгүл Серікқызы БҚО ҚХА жұмысына қысқаша тоқталып өтті.
«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыру бөлімінің басшысы Вероника Давлетова мектептер мен ҚХА арасындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары жөнінде баяндады. «Мектептердегі достық клубтарында әртүрлі этникалық топтардың мәдениеті мен дәстүрлері туралы сабақтар мен тақырыптық апталықтар ұйымдастырылады. Бұл оқушылардың бойындағы стереотиптерді, олардың арасындағы алалаушылықты жоюға көмектеседі. Сонымен бірге мәдени және білім беру бағытындағы іс-шаралар өтеді. Онда балалар еліміздегі түрлі этникалық топтардың мәдени мұраларымен танысады. Мысалы, балалар еліміздегі әртүрлі этностардың мәдениетін паш ететін үлкен мереке
– Наурыз мейрамына қатысады. Қазақстан халықтарының бірлігі күнін де атап өтеді», – деген бөлім басшысы волонтерлік жобалар мен әлеуметтік акциялар, шығармашылық конкурстар және басқа да іс-шаралар жөнінде айтты.
Бұдан соң сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыру бөлімінің аға кеңесшісі Галина Калашникова отбасы құндылығы жөнінде баяндады. Салт-дәстүрге деген құрмет отбасында басталады деді. Әр бала үйінде мейіріміге бөленіп өссе, өзін қауіпсіз сезінетінін атап өтті. Сонымен бірге олар әр күнді, әр сәтті ата-анасымен, бауырларымен бірге өткізетін болса, бауырмалдық арта түспек. Баяндамашы сөзін «Отан – отбасынан басталады» деп түйіндеді.
Іс-шара барысында «Еднання» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Вера Куракина осы ұйымның жұмысымен таныстырды. 1994 жылы құрылған ұйым ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ұлтаралық келісімді нығайтуды мақсат етеді. Бүгінде облыста 10337 украиндық болса, оның 3711-і Орал қаласында тұрады. «Бәріміздің қалайтынымыз – Қазақстан халқының ынтымағы мен берекелі тұрмысы. Біздің мақсатымыз – ортақ Отанымызды көркейту», – деді ол. Достық клубтары отырысының соңы «Еднання» украин этномәдени бірлестігінің «На волне дружбы» фестиваліне ұласты.
Айна Имашева
zhaikpress.kz