5.09.2024, 12:45
Оқылды: 122

Оралда эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды

Облыстық онкологиялық диспансерде қатерлі ісікті  бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік беретін эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова қатысты.

38534173-C561-4D64-9024-AA259DF81A53

– Елімізде 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген болатын. Соның аясында біраз жұмыс жасалуда. Өткен жылы өңіріміздің меценаттарының қолдауымен паллиативті көмек орталығы ашылды. Бүгін ашылған эндоскопиялық диагностика орталығы науқастардың өмірін ұзартуға мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді Бақытжан Хаберұлы.

Аталмыш орталық онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауда шешуші рөл атқармақ. Сондай-ақ науқастардың жалпы өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартады деп күтілуде. Бұл жерде жыл сайын асқазан обыры, өкпенің қатерлі ісігі, асқазан-ішек обыры және басқа да кеселдердің түрлері бойынша 1 500-ден астам зерттеуді тегін сипатта жүргізу жоспарлануда.

– Заманауи жабдықтар мен озық диагностикалық технологиялардың арқасында біз пациенттердің қатерлі ісік ауруын ерте анықтап, өмір сүруін жақсарта аламыз. Бұл әрбір мұқтаж адамға тиімді. Әрі науқасқа дер уақытында  көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бүкіл әлем қазір өкпенің қатерлі ісігін скрининг арқылы анықтауға көшті. Кеселді ерте сатысында анықтау мақсатында компьютерлік томография жасалады. Осы бағытта  біз арнайы бағдарлама жасақтадық. Ең бірінші үнемі шылым шегушілерді тексеруден өткіземіз. Күніне екі қорап шылым шегетін азаматтар бар. Сондықтан тегін тексерістер өткізу маңызды, – деп атап өтті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.

Эндоскопиялық диагностика орталығы ҚР Онкологтар қауымдастығының бастамасымен ашылып, «АстраЗенека» халықаралық биофармацевтикалық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Мамандар берген мәлімет бойынша, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан 200 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Облыста 8 мыңға жуық қатерлі ісікке шалдыққан науқас  бар. Мамандар аурудың алдын алу үшін тұрғындардың жыл сайын скринингтен өту қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ облыстық онкологиялық диспансерде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және диагностика дағдыларын жақсарту үшін бірқатар оқыту тренингтерін өткізу де жоспарлануда.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале