Осыдан он жыл бұрын қарашадағы қанды оқиға Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген еді. Тараз көшелерінде бейбіт елдің тыныштығын бұзып, оқ атқан лаңкесті құрықтауда полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты.
Бүгін бейбіт күннің батырына арнап Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті және Қазақстан Републикасының Ұлттық Ұлан "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы еске алу шарасын өткізді.
- Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов қызметте жүріп, қырық жасында өмірімен қоштасты. Бүгінгі күні Ғазиз Байтасовтың ерлікпен өмірден өткеніне 10 жыл толып отыр. Батырымыздың ерлігі Отан алдында борышын өтеп, қызметін атқарып жүрген әрбір азамат үшін нағыз ерлік, - деді 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров.
Одан кейін 5517 әскери бөлімінің клубында жауынгерлермен «Ғазиз Байтасов - ел үшін туған есіл ер» атты ақпараттық сабақ өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты - халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың өмірі мен өнегелі ісін жас ұрпаққа насихаттау, елі үшін туған есіл ердің ерлігін ұлықтау арқылы бейбіт өмірдің мәнін ұғындыру.
Естеріңізге сала кетейік, Таразда 2011 жылдың 12 қарашасында деструктивті діни ағымның жақтаушысы жасаған қылмыстардың салдарынан жеті адам қаза тапты. Оның ішінде құқық қорғау органдарының бес қызметкері болды. Үш адам ауыр жарақат алды. Бір сағат ішінде қару-жарақ асынған радикал Мақсат Кәрімов қала көшелерінде жүріп, жолыққан әрбір полицейге оқ атқан.
Осы уақытта оқиға орнына Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взводының командирі Ғазиз Байтасов жеткен. Көліктен жүгіріп шыққан ол қаскөйге қарсы оқ ата бастады. Осы уақытта қарсылас кейін шегініп, Ғазиздің кеудесіне оқ атқан. Қауіптің жақындағанын түсінген полицей радикалда граната барын біліп, ауыр жарақатына қарамастан оны жерге құлатады. Қылмыскерді қолымен қысып ұстап, жарылған гранатаны денесімен жауып, бірнеше адамды ажалдан аман алып қалды.
Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді заңгер. 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2002 жылы әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетін бітірген. Еліміздің құқық қорғау органдарында 20 жылға жуық қалтқысыз қызмет атқарды. Оның Отан алдындағы ерлігі үшін Тараз қаласының бір көшесіне Ғ.Байтасовтың есімі беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Қаланың саябағында оның бюстісі орнатылса, батырға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді.
Сөз соңында айтарымыз, батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз - адамның жан дүниесiнiң ізгі қасиетi. Қазақ халқы қашанда бiртуар, аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен. Ержүрек адамды елі мақтаныш етедi. Ғазиз Байтасов - ел үшін туған есіл ер.
Капитан Әубакир Ертуған, Орал қаласы