Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне 110 жыл толуына орай «Ізгі ілімнің ізашары» деген атаумен мерекелік кеш өтті.
Салтанатты кеш алдында «Жаһанша колледжіне – 110 жыл: тарих, тағылым және жаңашылдық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оны аталмыш колледж директоры Алтынгүл Қайрлиева жүргізді. БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин облыс әкімінің алғысхаты мен ақжарма тілегін жеткізді. Белгілі өлкетанушы, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың құрметті профессоры Жайсаң Ақбай өңірдегі тұңғыш оқу ордасының 110 жылдығымен құттықтады. Тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті, қауымдастырылған профессор Бақтылы Боранбаева тарихи маңызы бар ақпараттарды ортаға салып, тағылымы мол баяндама жасады. Сондай-ақ іс-шараға көршілес Атырау, Ақтау қалаларынан да қонақтар келді. Олардың ішінде «Х. Табылдиев атындағы Атырау тарихы, этнология және археологиясы» ғылыми-зерттеу институтының аға қызметкері Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанат Нұрмаханова бар.
Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж түлегі, Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы конференция туралы ой-пікірін жеткізіп, аға буыннан мардымды ақпарат алғанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде Жайсаң Ақбайдың 1994 жылы жарыққа шыққан «Жанша» кітабының күні бүгінге дейін маңыздылығы жоғалмағанын атап өтті.
– Жаһаншаның есімі мен оның Батыс Алашорда қайраткері екенін жас ұрпақ жақсы біледі. «Жаһаншатану» деген үрдіс жылдан-жылға дамып келе жатыр. Қалың қазақты Жаһаншамен таныстырған бір қазақ болса, ол – Жайсаң Ақбай. Жаһаншаның әдеби бейнесін таныту үшін С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында, Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясында қайраткер тұлғаға баға берген. Өзімнің туған жерім Сырым ауданында Алаш арыстарының ізі қалған. Осыдан шығар, біздің жақтың жасы да, жасамысы да туған жердің тарихын жаттап өсіп, мақтанышпен айтады. Екі жыл бұрын Ж. Досмұхамедовтің өмірі мен еңселі еңбектерінен сыр шертетін «Ақ киіз» тарихи драмасын жазып шықтым. Дәл сол жылы тарихи драманың Астана қаласында премьерасы өткен болатын. Оған сол кездегі ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов пен алаштанушы Тұрсын Жұртбай қатысып, оң бағасын берді, - деді Бауыржан Ширмединұлы.
Жиыннан соң оқу ордасының мерейтойы «Ізгі ілімнің ізашары» атты салтанатты кешпен жалғасын тапты. Кеш шымылдығы «Тұлғалар монологы» деп аталатын Алаш зиялыларының өлең шумақтарымен түрілді. Одан кейін ақын Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған, Алтынбек Қаресовтің «Жаһанша» әні шырқалды. Айта кетелік, бұл кешке өңірге белгілі ғалымдар, колледж оқытушылары, колледж түлектері мен студенттері, сонымен қатар өзге қалалардан арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне 110 жыл толуына орай қос кітаптың «тұсауы» кесілді. «Ізгі ілімнің ізашары» деп аталатын мерейтойлық кітаптың лентасын Жайсаң Ақбай мен педагогика ғалымдарының кандидаты Шалқыма Құрманалина қиды. Білім ордасы елге елеулі еңбек сіңірген түлектерін насихаттап, ұрпақ жадында қалдыру үшін бірнеше жобаны қолға алған. Колледж қабырғасында сан түрлі іс-шаралар өтіп, тарихи деректерге негізделген кітаптар дайындалуда. Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері болған Бисен Жұмағалиев – аталмыш оқу ордасының 1940 жылғы түлегі. Мерейтой қарсаңында Б. Жұмағалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақжайықтың абызы» кітабы жарық көрді.
Бұл кітапты колледж директоры Алтынгүл Жақсығұлқызы мен ардагер ұстаз Біржан Сапиев құрастырған. Салтанатты шараға арнайы қатысқан БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин колледж оқытушыларына БҚО білім басқармасының Құрмет грамотасы мен алғысхатын табыстап, жылы лебізін жеткізді.
– Қазақстан Республикасында 700-ден астам колледж бар. Жаһанша колледжі – еліміздегі екінші, өңіріміздегі алғашқы ашылған киелі білім ордасы. Тәуелсіздік жылдарында колледжге Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді. Алаш арыстары білімін жетілдірген жерде, бүгінде жас ұрпақ жаңа жетістіктерімен қуантуда, - деді құттықтау сөзінде.
Алтынгүл Қайрлиева, Салтанат Кенжеғалиева, Зәуреш Қосанова, Айгүл Мұратбекова, Ардақ Бекболатова, Айсәуле Сабиева «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамының алғысхатына ие болды. Сондай-ақ бірқатар колледж оқытушыларына облыстық салалық департаменттердің алғысхаты табысталды. Оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді студенттерге бірреттік «Жаһанша шәкіртақысы» берілді. Аталмыш шәкіртақы 2018 жылдан бастап студенттерге беріліп келеді. Оған колледж түлектері демеушілік еткен. Биыл 16 студент «Жаһанша шәкіртақысы» иегері атанды.
Салтанатты кеш аяқтала, шара қонақтары жоғары педагогикалық колледж ғимараты жанында орналасқан Ж. Досмұхамедовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Колледж кабинетінде жасақталған «Батыс Алаштың білім ордасы» музейінің ашылуы өтті. Ж. Досмұхамедов пен Ш. Құрманалина атындағы атаулы кабинеттер және А. Бақтыгерееваның дәрісханасы таныстырылды.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz