1.10.2024, 10:15
Оқылды: 127

Оралда граффити жазулар өшірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет.

2049C932-93E7-4C94-BF19-89FB9BE9EA09

Есірткі сатумен айналыса­тын топтар жарнама құралы ре­тінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.

Осыған орай облыстық полиция департаменті «Орал – есірткісіз қа­ла» акциясы аясында есірткі жарнамаларын өшіру бойынша рейд ұйымдастырды. Ұйымдастырушы­лардың айтуынша, іс-шараның не­гізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ тыйым салынған заттарға тәуелді қала тұрғындарының санын азайту.

Шараға 150-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Орал қалалық ПБ, Абай және Шаған полиция бөлімдерінің қызметкерлері, ҚазИИТУ және БҚИТУ студенттері, «Ғасыр» жастар қоғам­дық бірлестігінің өкілдері, қала еріктілері, сондай-ақ «Орал – есірт­кісіз  қала» мониторингтік тобының мүшелері бар.

Іс-шараны ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев жастар арасында синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің таралуы алаңдататынын жасырмады.

09978A57-C7D7-4F7C-9B6D-F341F2320C95

– Есірткі қылмысы бойынша деректер әлі де азаяр емес. Кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту деректері де бар. Есірткімен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз! Бейнебақылау камераларының көмегімен біз Ақсай қаласында есірткіні жарнамалаған екі жасөспірімді ұстадық. Бұл үшін олардың 7 жылға бас бостандығынан айырылатынын ескерткім келеді. Сондықтан біз өз күш-жігерімізбен ғана балаларымыздың есірткісіз болашағын жасай аламыз, – деді департамент бастығы Арман Оразалиев.

Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Сүгіров көп жағдайда жас­өспірімдер бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп ойлап, есірткі сататын интернетдүкендердің граффитиін, суретте­рін, жапсырмаларын таратуға атсалысатындарын атап өтті.

Алайда бұл әрекеттердің қылмыстық құқықбұзушылық болып саналатынын жастардың қаперіне салды. Рейд барысында шараға қатысушылар 24 бағыт бойынша аумақ­тарға бөлініп, 100-ге жуық заңсыз жарнаманы жойды. Қазіргі таңда есірткі сатушылар синтетикалық есірткі сататын сайттарды жарна­малау мақсатында сатудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда.

Айта кетсек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондықтан есірткі заттарының граффити жарнамасына куә болсаңыз, дереу «102» операторына хабарласқаныңыз абзал. Бұл акция – жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале