Батыс Қазақстандағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры 17 қыркүйекте жаңа ХХХ маусымын ашады.
Оралда драма театр ашу туралы 1992 жылы 19 маусымда қаулыға қол қойылған болатын. Өнер мекені сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыповтың шешімімен құрылды. Театр 1993 жылы 16 желтоқсанда М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен шымылдығын ашты. Алғашқы директоры – ҚР еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев болса, театрдың алғашқы бас режиссері – Жамбылбек Есенбеков, қоюшы режиссер қызметін Елкен Жылқышинов атқарды.
Бұл жолы шымылдық орыс көркем әдебиетінің шыңы есептелетін Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романы желісімен дайындалған «Қара бала» («Мальчики») спектаклімен түрілмек.
- Жақсы адам болып қалыптасу үшін балалық шақта ыстық ұяда сезінген ізгі сезімнен артық ешнәрсе жоқ. Осындай естелігі мол адам – ешнәрседен қаймықпай барынша толыққанды өмір сүреді. Ал қойылымдағы «Қара бала» тағдыры қандай болмақ? Көрермен қойылымның бағасын өзі береді. Біз оларды асыға күтеміз, - деді театрдың ақпарат бөлімінің жетекшісі Жарқынай Адилова.
Трагедия жанрында ұсынылатын спектакльді қазақ тіліне тәржімалаған жазушы, драматург Мадина Омарова. Ал режиссері - театрдың бас режиссері Алмат Шарипов.
Театрдағы тағы бір жаңалық 23-25 қыркүйек күндері Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына, театрдың 30 жылдығына орай І республикалық моноспектакльдер фестивалі өткізілмек. Оралға республиканың түкпір-түкпірінен театрлар шақырылған.
Динара Тілекқызы,
zhaikpress.kz