18.07.2024, 16:30
Оқылды: 151

Оралда ісмердің шеберлік сабағы өтті

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада «ІсмерLike» шеберлер клубының ұйымдастыруымен қолөнер шебері Гүлфия Оразғалиеваның шеберлік сабағы өтті. Ісмер кітапхана қызметкерлеріне тюрбан туралы мәлімет бере отырып, оны тігу жолын түсіндірді.

14901198-6325-4CC5-9A38-3A95F1F57A93

– «ІсмерLike» жобасының не­гізгі бағыты – жастарды, оқырмандарды қолөнерге баули отырып, әдеби кітап оқуға тарту. Шеберлік сағаттарына қатысушылар қолөнер бұйымдарын жасау және тігін тігумен қатар ұлттық тәлім-тәрбиені бойларына сіңіреді. Өңірдегі шебер, ісмерлер осы жоба арқылы білімін орта­ға салып, өнер-лерін кейінгілерге үйретеді. Бұдан бұрынғы өткен сағаттарда студенттерге шекелік  жасау үйретілді. Педагоги-калық колледж студенттері гипстен мүсін жасау әдістерін көрсетті. Соңғы бір шеберлік сабағында қолөнер шебері Нұргүл Сисенова  қатысушыларға шоппер (мата сөмке) тігу сырын бөлісті. Сондай-ақ тақырыпқа сәйкес кітап көрмелерін өткіземіз. Бүгін   «Кесте өнері» тақырыбындағы көрме жасақталды, – деді аталмыш кітапхананың өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Айнұр Бозова.

Қолөнер шебері Гүлфия Мұрадымқызының айтуынша,  шығыстық  сарындағы тюрбан сән әлемінде жоғары бағаланады. Оны діни сеніміне және амалдарына қарамастан, кез келген қыз-келіншек басына тарта алады. Сәнді тренд мезгіл таңдамайды. Тюрбанды қарапайым орамалдан, мойын орағыштан немесе матадан жасауға болады. Жаздың аптап ыстық күндері басыңызға күн өткізбейді, қыста жел мен суықтан қорғайды. Қазіргі кезде тюрбанды мойынға тағатын көлемді әшекейлермен үйлестіреді. Мұндай сәнді бас киім нәзік жандардың биязылығы мен биік талғамын айқындай түседі.

Кейіпкерімізге тігіншілік өнер бала кезінен ғазиз аналарынан қонса керек. Оның әжесі де, анасы да іс тігетін. Мектеп бітірісімен қаладағы колледждердің бірінде тігіншілікке оқыған. Бірақ ата-анасы жоғары білім алу керек деген соң, оларға қарсы келмейді. 2009 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ­стан аграрлық-техникалық университетінің ветеринария факультетін бітіреді. Кейін тұрмысқа шығады. Сәбилі болып үйде отырған кезінде қол қусырып қарап отырмады. Ықылас-ниеті қолөнерге ауа берді. Қыз жасауына көрпе жасап, тігуді қолға алады. Құрақ көрпе құрауды ерекше құштарлықпен жасайды. Соны байқаған жұбайы тігін машинасын алып береді. Осылайша инесімен табыс тауып, отбасылық бюджеттің молаюына үлес қосуда.  

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушы ретінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жанынан «Бизнес-Бастау» оқу курсында кәсіпкерлік негіздеріне оқы-дым.  2021 жылы мемлекеттің қолдауымен көпбалалы отбасы ре­тінде 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант қаражатын алып, тігіншілік кәсібін бастадым. Бұл қаржыға ком-пьютер арқылы кестелеп сурет салатын тігін машинасын  сатып алдым. Ол кезде мұндай тігін машинасы қазіргідей кең таралмаған еді. Үйіміздегі бір бөлмені тігін цехына айналдырдым. Матаға кестелеп сурет салу-ды және тігіншіліктің басқа да қыр-сы­рын түрлі курстарға қатысып,  үнемі білім-біліктілігімді жетілдіремін. Онсыз кәсібіңіз өрге баспайды, – деп жымияды Гүлфия Мұрадымқызы.

Ол ауылдық жердегі апа-жездесінің шаруашылығынан қой жүнін алып, өзі үйден жуып тазалайды. Екінші сыныпты бітірген қызы да қолғабыс етеді. Ісмер жан әйел затының іске, тігінге  жақын болғанын қалайды. Түймесін қадап, шалбарының балағын өзі қайырып, тігіп алуды қыз балаларға жастайынан үйреткен жөн деп біледі.

Содан да ол колледждерге барып, шеберлік сағаттарын тегін өткізеді. Өзінің шеберханасына да атбасын тіреп келген кестетігерлердің меселін қайтарған емес. Білгенін үйретеді, іске баулиды. Он саусағынан өнер тамған ісмер жаз мезгілдерінде қасына көмекші алып жүрді. Көңілі кең, жүрегі мейірімге толы, біреуге болсын деп тұратын жан  қасындағы жалғызбасты көмекші әйелдің жеке кәсіп ашуына түрткі болды. «Сізге бәсекелес болады деп ойламадыңыз ба?» дейміз оған.

«Жоқ, білгеніңізді бөлісіп, үйреткеніңіз өзіңізге деген құрметіңізді арттырады. Өзгенің бақытты болғанын көру де бір ғажап сезім. Мына шеберлік сағатынан кейін де, қолөнерді үйренем деген жандарға есігім әрқашан ашық», – деді ойлана жауап берген кейіпкеріміз.

«Қаладағы кей шеберлер көрпе, төсеніштердің ішіне мақта салады. Алайда қой жүнінен жасалған жамылғы жеңіл, ауаны жақсы өткізеді. Дымқыл тартпайды. Синтепон салынған көрпеден дене демалмайды, ол денені қыздырады. Қолдың көрпесі қапсырылып тігіледі, сондықтан ішіндегі жүн жылжымайды. Ұзақ уақытқа пайдаланасыз. Құрақ көрпе құрауға есеп, қиял керек. Көрпенің тысы әдемі болу үшін түстері сәйкес, қиықтары үйлесімді болғаны жөн. Қыз жасауына құрақ көрпе бергенде, жастар құрақтай құралып, бірлікте болсын деп ырымдаймыз. Бұрынғыдай емес, халық ұлттық құндылықтарымызға мән-маңыз бере бастады. Қыз ұзата-тындардан құрақ көрпеге тапсырыс көп түседі», – деді Гүлфия Оразғалиева.

Енді биылғы күзде Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен бір мың құрақшы жиналып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы «Аламан құрақ» жобасына қатысады. Гиннес кітабына кіріп, рекорд жаңартпақ. Оған облысымыздан бір топ қыз-келіншектермен бірге Гүлфия шебер де қатысады. Ол алдағы уақытта грант қаржысына қолы жетсе, кәсібін кеңейтіп, қасына тігінге ебі бар жандарды жинап, жұмыс бергісі келеді. Ұлттық өнерді, ақжаулықты әзиз аналарымыздан қалған мұраны насихаттауды ойлайды. Әнебір мықты шебер болып кетпесе де, өз үйлеріне қажетті бұйымды өздері жасап үйренсе екен дейді ол.  

«Шебердің қолы ортақ» демекші, сабыр мен төзімді серік еткен қолөнерші көз майын тауысып, тіккен бұйымымен ұлтымыздың салт-дәстүрін, ырымын, мәдениетін өзгелерге насихаттайды. Ендеше, Гүлфиядай шеберлеріміздің соңынан ілесер көкөрімдер көп болғай!

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале