9.06.2017, 18:55
Оқылды: 122

ОРАЛДА ИТ СОЯТЫНДАР АНЫҚТАЛДЫ (ФОТО)

Ал ит еті қайда кетуі мүмкін?!. 

 Алена Пригубова есімді Орал қаласы тұрғынының мамыр айында лабрадор тұқымды иті жоғалады. Ол айналасынан сұрастыра келе өзі тұратын «Самал» шағынауданындағы «Рябинка» саяжай қоғамдастығында күзетші болып жасайтын ұлты кәріс Игорьмен сөйлеседі. Әңгімеге араласқан күзетшінің әйелі Аленаның итін Владимир Палихов деген таныстары алып кеткенін, оның қай жерде тұратынын айтып қалады.


     - «Айгүл» шағын ауданында тұратын Владимирдің үйіне аға-жеңгемді, достарымды ертіп бардым. Есікті қызы ашып, әкесінің жоқ екенін айтты. Сыртқа шығып, көршілерін әңгімеге тарттым. Татьяна Кузеева есімді көршісі оның ит аулаумен айналысатынын растап, «Победа» гаражында иттерді қамап ұстайтынын жеткізді,-дейді Алена.

Itter 022   Олар айтылған гаражға барғанмен онда ешкім болмайды. Гараж маңындағы қоқыс жәшігінен иттердің басы, шашылып жатқан жүні мен сүйектерін көреді. Сол айналада жүрген балалардың біріне болған жайды баяндап, Владимир гаражға келгенде хабарласуын сұрап, телефон нөмірін қалдырып кетеді.

   - «Владимир келді» деп балалар телефон шалды. Қайтып барып Владимирмен кездестік. Менің лабрадор тұқымды итімді өзінің алып бара жатқанын көргендер барын жеткіздім. Владимир болса ондай қымбат тұқымдас иттер болмағанын, өзінің тек өлген иттерді ақшаға сойып беретінін айтты. «Игорьдің әйелі Татьяна бұл әңгімені ойдан шығарған» деп жауап берді. Содан біз Владимирдің гаражын қарауға рұқсат сұрап, ішіне кірдік. Гаражынан итті іліп соятын құралдарды, терісін, бір табақ қан мен қан-қан пышақтарды көріп шошып кеттік. Бірақ соңғы сойылған иттің терісі менің лабрадорыма ұқсамады, - дейді лабрадордың иесі Алена.

   Ал Владимир итті осылай бөлшектегені үшін 1000 теңге ақша алатынын мойындады.

Itter 033   Ол келесі күні көргендерін баяндап жергілікті газеттердің біріне хабарласады. Газет тілшілері ит сойылатын гаражға учаскелік полицейді ертіп барады. Ал Алена «Омега» шағынауданындағы контейнерлердің бірінде иттер қамаулы тұрғанын естіп, сол жақты қарауға кетіп, полициямен бірге бара алмай қалады. Полиция барғанша гаражын тазартып қойған Владимир Аленаның ақпаратын теріске шығарады.

    - Бір кезде маған газет тілшісі қоңырау шалды. Олар гаражға барғанын және ол жерде ешқандай иттің терісін байқамағанын, қоқыс жәшігінде қойдың терісі мен ішек қарынынан басқа ештеңе көрмегенін айтты,-дейді Алена Пригубова.

   Біз бұл оқиғаны толығырақ білу үшін облысымыздағы «За жизнь!» қоғамдық қозғалысының төрайымы Юлия Асиновсковамен хабарластық.

- Біз екінші күні барғанда Владимир Палиховке тиесілі гараждан атылған оқтың гильзасын таптық. Ол итті атып алып, кейін соятынына біздің көзімізді жеткізді,- деп Юлия Сергейқызы бұл оқиғаның шынымен болғанын айтып, бізге өздері түсірген бейнежазба мен фотоларды жолдады. Ол қалалық прокуратура мен Ішкі істер бөліміне осы оқиға жөнінде арыз жазған. Әзірге құзырлы органдардың жауабын күтуде екен.

Itter 044  Итін жоғалтушы Алена Пригубова күзетші Игорь мен әйелі Татьянаның айтқан сөздерін диктофонға жазып алыпты. Күзетші кәріске Владимир Палихов иттің бауырын, өкпесін тегін әкеліп беретіні жазбада бар.

   Ал осы сойылып жатқан иттердің еті қайда кетуі мүмкін?!. Итін жоғалтушылар сатылымдағы тартылған етпен бірге таралуы мүмкін деп қауіптенеді.

  Иә, тартылған ет арзан бағамен саудаланатынын көріп жүрміз. Фаршты тамыр-таныс, үй аралап көшелерде сатып жүретіндер де бар. Осы тартылған етті қандай жағдайда тұтыну керектігін білу үшін Орал қалалық ветеринариялық бөлімнің басшысы Рафик Лұқпановпен сөйлестік.

  - Біз Орал қаласындағы 16 базардың барлығын қадағалап отырмыз. Барлық ет өнімдері тексеріліп кіргізіледі. Бірақ, дүкендер мен супермаркет, гипермаркеттердегі сөрелердегі саттықта тұрған ет өнімдерін тексере алмай отырмыз. Оның ішінде не болып жатырғаны белгісіз. Алдағы уақытта тексеру жөнінде прокуратураға хат жазып отырмын.

  Фаршты дайын күйінде сауда сөресіне қоюға болмайды. Тұтынушы алдымен етті таңдап, сосын тартып беруді сұрағанда ғана дайындап беруге сатушыларға рұқсат берілген, - дейді қалалық ветеринариялық бөлімнің басшысы Рафик Лұқпанов.

Itter 055

   Тартылған еттен тартынайық, ағайын!..

Әділғазы Кереев,

«Жайық Пресс»

ақпарат орталығының тілшісі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале