11.08.2023, 11:15
Оқылды: 20

Оралда «JAIYQ JASTARY» фестивалі басталды

Айта кетейік, өңірде алғаш рет өткізіліп отырған «JAIYQ JASTARY» фестивалінің негізгі мақсаты - талантты жастар мен үздік ұжымдарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетінің артуына жағдай жасау, облыс жастары арасында достық байланыс орнатуға бағытталған.

20230811101239_IMG_2193

Аталған шараға қатысушы жастар волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, киберспорт, үстел тенисі, қазақ күресі, садақ ату, эстрадалық және дәстүрлі ән, үздік ақын, аспапта үздік орындау, сурет салу өнері, хореография секілді 13 бағыт бойынша сынға түседі.

20230811100454_IMG_2083

Фестивалдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев өзінің жастарға деген тілегін жеткізді.

-Туған қаламыздың орталық алаңында, Халықаралық жастар күні қарсаңында сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Тәуелсіздік алған кезден бастап уақыт өткен сайын еліміз жаңа белестерді бағындырып, көптеген жетістікке жетіп жатыр. Бұл істерге жастардың қосып отырған үлесі де зор. Қазіргі жастар өз Отанының патриоты, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасып келеді. Өйткені, Жаңа Қазақстанның жастары — ел дамуы жолында бар білімі мен күш қуатын сарқа жұмсап, әр түрлі салада өздерін жан-жақты танытып жүр. Бүгінде өңірімізде жастар саны облыс халқының 20%-ын құрап отыр, оның тең жартысын ауыл жастары құраса, облыстың жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 50 мыңға жуық жас білім алуда. Облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытуда 14 жастар ресурстық орталығы, 50-ден аса жастар ұйымы, 25 мыңнан астам волонтер белсенді қызмет атқаруда. Жыл сайын жастар саясатын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржының көлемі де артып отыр. Жазғы мезгілде құрамында 1500 жасты қамтитын «Жасыл Ел» және студенттік құрылыс жасақтары белсенді жұмыс жасауда. Құрметті жастар, бүгінгідей байқаулар Сіздерге өз мүмкіндіктеріңізді байқауға, қолдарыңыздан не келеді, не келмейді, соны білетін, шын үздік екендеріңізді дәлелдейтін керемет шара. Осындай шаралар арқылы жастарымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына қол жеткіземіз деген сенімдемін. Күні кеше елімізде Абай күні тойланды. Ұлы Абай атамыз «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де - бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деп болашақ ұрпаққа керемет өсиет қалдырды. Әрқайсыңыздың осы өмірден өз орындарыңызды табуға тілектеспін. Тағы бір мәрте бүгінгі - Жастар күнімен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға, ата-аналарыңызға амандық, мол табыс пен жетістік тілеймін, - деді өңір басшысы.

20230811092343_IMG_2033

Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқандар «Сурет салу», «Үздік ақын», «Хореография» аталымдары бойынша байқау қатысушылардың өнерлерін тамашалады.

20230811092304_IMG_2025

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале