Қала күні мерекесіне орай Орал қаласы әкімі Миржан Сатқанов шаһар дамуына үлес қосқан бір топ азаматты қабылдады. Қабылдауға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагер ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Қала әкімі Миржан Сатқанов «Біздің Орал - респбуликадағы ең жасыл, таза қала. Осы сүйікті қаламыздың дамуы жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздер атқарған қызмет, кәсіп осы қаланың көркеюіне ықпал ете береді. Баршаңызды Қала күнімен құттықтаймын»,- деді салтанатты жиында.
Қала әкімінің құттықтауынан кейін елге белгілі азаматтар "Орал қаласының құрметті азаматы" атағымен марапатталды.
Салтанатты қабылдаудан соң қала әкімі Миржан Сатқанов «Сапалы өнім» жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесін және қолөнершілердің туындылары қойылған көрмені аралады.
«Сапалы өнім» жәрмеңкесіне 15 шақты кәсіпкердің өнімдері қойылған. Олардың барлығы да Орал қаласында өндірілетін отандық өнім. Қала әкімі кәсіпкерлерді мерекемен құттықтап, кәсіптеріне табыс тіледі.
Бүгін Қала күнін тойлау шеңберіндегі шаралар легі өнер жұлдыздарының концертімен қорытындыланады.
Жанат Көшкінбай,
Эльвира Меңдіғали,
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz