23.01.2024, 19:00
Оқылды: 101

Оралда «Қаладан ауылға» жобасы түсіндірілді

Бүгін Орал қаласындағы Отбасы орталығында «Қаладан ауылға» жобасы жөнінде көптеген мағлұмат айтылды. Осы шараға аталған орталық қызметіне жүгініп жүрген қала тұрғындары қатысты.

IMG-20240123-WA0034

Дағдарыс орталығының директоры Жанар Әлімова іс-шараның мән-мазмұнына тоқталып, Жымпиты жерінен келген қонақтарға сөз кезегін ұсынды.

IMG-20240123-WA0036

– Биыл облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен «Қаладан ауылға» жобасы қолға алынуда. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жазылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындарын ауылдық жерлерге көшіріп, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл ауылға келіп, кәсіп бастап, табыс табуды көздегендерге таптырмас мүмкіндік. Біз көшіп келгендердің ұл-қыздарын мектепке орналастыруға және басқа да мәселелердің шешімін табуға көмектесеміз, – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Өз кезегінде Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов Қызылағаш елді мекені жөнінде біраз мағлұмат айтты. Оның сөзіне сүйенсек, Қызылағаш елді мекені Самара-Шымкент тас жолынан 9 шақырым, аудан орталығынан 50 шақырым, облыс орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. 190 тұрғыны бар ауылда 9 жылдық мектеп, спорт, ойын алаңдары, кітапхана және басқа да нысандар жұмыс істеп тұр.

– Қызылағаш ауылына 2023 жылы екі отбасы көшіп келді. Оларды газ, су кіргізілген тұрғын үймен қамтамасыз еттік. 3 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық. Отбасының әрқайсысына 10 бас ұсақ мал берілді. «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы арқылы көпбалалы 2-3 жанұяны ауылымызға көшіріп алуды көздеп отырмыз. Қызылағаш негізгі мектебіне физика, еңбек пәндерінің мұғалімі және кітапханашы қажет. Оған қоса «Жайсан, «Амир» шаруа қожалықтарына малшы керек. Одан бөлек қайтарымсыз грант алуға көмек көрсетіледі. Көшіп келген әр отбасыға 5 бас ұсақ мал алып беру жоспарда бар. Сонымен қатар бау-бақша егуге жер беріледі, – деді Әділхан Рахымжанұлы.

IMG-20240123-WA0038

Осы бағытта Бұлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Әділгереев Жамбыл ауылы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Жамбыл негізгі мектебіне физика-информатика, орыс тілі және химия пәнінің мұғалімі керек. «Берекет» шаруа қожалығы 1 механизаторды, 1 сауыншыны жұмысқа қабылдай алады. «Жамбылға барып, жұмыс істеп, сол ауылды көркейтемін, өзімнің де жағдайымды жақсартамын» деген жандарға 5 бас ұсақ мал, оның қысқы азығы, 50 бас тауық және бау-бақша егуге жер беріледі.

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейісов Көгеріс елді мекеніне 1 көпбалалы отбасыны көшіріп алып, тұрғын үймен, жұмыспен қамти алатынын, сондай-ақ «Меңжан – Агро» өндірістік кооперативі көшіп келген жанұяға 1 бас ірі қара малын беретінін жеткізді.

IMG-20240123-WA0035

Елтай ауылдық округінің әкімі Байров Рашид Тасқұдық елді мекеніне көпбалалы 3 отбасыны көшіріп алуды жоспарлап отыр. Олар да ауылға қоныс аударғандардың жұмысқа орналасуына, үймен қамтылуына, қайтарымсыз грант алуына көмектеседі. Оған қоса алдына 1 бас ірі қара және жылқы салады.

– «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы арқылы көпбалалы 2 жанұяны Талдыбұлақ ауылына көшіріп алуды жоспарлап отырмыз. Аталған ауылдағы орта мектепке химия пәнінің мұғалімі керек. «Арайлы», «Атансай» шаруа қожалықтарына 2 малшы, 2 механизатор қажет. Газ, су кіргізілген тұрғын үймен қамтимыз. Қайтарымсыз грант алуға көмектесеміз. Әр отбасыға 2 бас ірі қара, 20 бас ұсақ мал және бау-бақша егуге жер беріледі. Қоныс аударғандар шарт бойынша ауылда кем дегенде 5 жыл тұруы тиіс, – деді Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев.

Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале