5 қыркүйек – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқының тілдері күні.
Бүгін «Атамекен» концерт залында аталған қос мереке орай «Тіл – тұтастық туы» атты жалпыхалықтық тіл фестивалі өтті.
Фестиваль шымылдығы «Абай аманаты» театрландырылған көрінісімен түрілді.
Салтанатты жиында өңір басшысы Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар сала мамандарына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін, Құрмет Грамотасын мен Алғыс хатын және облыс әкімінің алғысхаты мен А.Құнанбайұлының 180 жылдығына орай марапат иелеріне «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 томдық кітабын сыйға тартты.
Одан бөлек, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Айдарбек Ақболатов аталған бірлестіктің алғысхатын, номинацияларын табыстады.
Салтанатты жиын облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.
Айта кетейік, аталмыш шараға Орал қаласында биыл ғана өз жұмысын бастаған Тілдерді оқыту мен дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Шамұратов бастаған ұжым да қатысты.
Аталған ұжым бүгінгі таңда оралдықтар үшін қазақ және ағылшын тілдерінен тегін курстар өткізуде.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі