10.11.2017, 12:42
Оқылды: 65

Оралда келер жылы сегіз апатты үй бұзылмақ

23416194_10210409080395745_527362157_nОрал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев шаһар аумағындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Айта кетейік, 2015 жылдан бастап Орал қаласы аумағында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу және қайта салу жобасы жүзеге асырылуда. Өткен жылдан бастап осы мақсатта облыс орталығындағы жеті апатты жағдайдағы үй бұзылып, орнына төрт көп қабатты заманауи тұрғын үй бой көтеруде. Биыл бір көп қабатты тұрғын үй халық игілігіне берілді. Алдағы жылы тозығы жетіп, апатты жағдайда деп танылған сегіз үй бұзылып, жаңартылады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын жергілікті мердігерлер компаниялар қолға алған.

Биыл Гагарин көшесі №1/1 мекенжайындағы 10 пәтерлі, апатты жағдайдағы тұрғын үй бұзылып, орнына 126 пәтерлі, 9 қабатты тұрғын үй салу жұмысы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «Караванный путь» ЖШС жүргізуде.

-Тоғыз қабатты тұрғын үйдің қаңқасын құю жұмыстары 80 пайызға орындалды. Бүгінде пәтер аралық кірпіш қалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс материалдарының 70-80 пайызы әкелінді. Нысанда 87 адам жұмыс жасауда. Алдағы жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғын үйді пайдалануға береміз,-деді серіктестіктің құрылыс басшысы Жандос Айтмағанбетов.

Ал Депо мөлтек ауданындағы 2-ші шақырым көшесі бойындағы 5 қабатты, 108 пәтерлі тұрғын үй құрылысын «Орал полимер» ЖШС жүргізуде. Биылғы жылы аталған мекенжайдағы екі қабатты, 12 пәтерлі, үш тозығы жеткен үй бұзылған болатын. Апатты жағдайдағы үйлердегі 36 жанұя уақытша пәтерлерге көшірілген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Келер жылда пайдалануға беріледі деп жоспарланған тұрғын үйге алдымен жоғарда аталған 36 отбасы қоныстанбақ.

23477045_10210409080155739_395658528_nСонымен қатар биылғы жылы Құрманғазы көшесі №198 мекенжайдағы 8 пәтерлі, екі тұрғын үй бұзылып, тұрғындары уақытша Зашаған кентіне көшірілген еді. Бүгінгі таңда бұл үйлердің орнынынан 72 пәтерлі, 9 қабатты үй салынуда. Құрылысты «Казхол» ЖШС атқаруда. Тұрғын үй салу жұмыстарын аяқтау 2018 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, «Орал полимер» ЖШС және «Альтаир» ЖШС құрылыс компанияларымен Құрманғалиев көшесі №3 үй мекенжайындағы 8 пәтерлік және Ғ.Қараш көшесі №33/1, 37 мекенжайындағы 14 пәтерлік үйді бұзып, қайта салу жоспарланған.

Жоғарыда аталған құрылыс нысандарын аралаған қала әкімі Мұрат Мұқаев мердігер компания басшыларына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуді және өз өңірімізден шығарылатын құрылыс материалдарын пайдалануды барынша қолға алу керектігін айтты.

23439273_10210409083035811_1136682781_n-Бұл игі істер Елбасымыздың тапсырмаларына сәйкес облыс әкімінің қолдауымен және тікелей басшылығымен атқарылып жатыр. Орал қаласы бойынша апатты жағдайда деп танылған 43 тұрғын үй есепке алынған болса,  биылғы жылы жеті ескі үйлер бұзылып, орнына көп қабатты үйлер салуды қолға алдық. Келер жылы апатты жағдайдағы сегіз үйді бұзу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда сол үйлердің иелерімен келісімшарттар жасалды. Өңір бойынша осы жұмыстарды қолға алған төрт мердігер компания сенімге ие болуда. Алдағы құрылыстарды да осы мердігерлер атқарады деген сенімдеміз. Сөйтіп, екі жылдың ішінде шаһардағы тозығы жеткен 15 үйдің орнына көп қабатты, заманауи үйлер бой көтермек. Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы құрылыс жұмыстарын жүргізу жақсы нәтиже беруде. Атап айтсақ, осы жоба аясында қаланың сән-салтанатын кетіретін, тозығы жеткен үйлер әдемі үйлермен алмастырылып, жаңарып, ерекше келбетке енбек. Екіншіден, тозығы жеткен үй иелері су жаңа пәтерлерге тегін қол жеткізеді. Бұл қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрушылардың санын да азайтпақ. Айта кетейін, апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына жаңа үй салушы компанияға жер тегін беріледі. Сондай-ақ инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары да жергілікті бюджет есебінен атқарылады. Өз қаражатына тұрғын үй салған компанияның басты міндеті - тек апатты үйдің тұрғындарын пәтермен қамту ғана. Ал қалған пәтерлерді коммерциялық негізде сатуға немесе «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы беруге құқылы. Бұл өңіріміздегі мердігер компаниялардың өз бизнесін дамытуға үлкен қолдау деп білеміз,-деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале