21.10.2025, 22:00
Оқылды: 163

Оралда классика үнімен көмкерілген 14-ші маусым ашылуы өтті

Бүгін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония сахнасында ерекше өнер кеші өтті. Облыстық камералық оркестрдің 14-ші маусымының ашылу концерті музыка сүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлады.

9e522841-836f-4481-b859-d6d7f449a83f

  • 2011 жылы құрылған ұжым бүгінде сахнада 14 жылдық шығармашылық жолын еңсеріп отыр. Осы уақыт ішінде оркестр өңір мәдениетінің дамуына серпін беріп, көрерменді мәдениетке, әдептілікке және жоғары өнерге тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп келеді.

20b3e08d-82ba-41b6-b7ac-8835e38d66c3

Кешке оркестрдің көркемдік жетекшісі және дирижері Асхат Хасанов жетекшілік етті. Бұл жолғы концерт толықтай италиялық ұлы композитор Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» атты әйгілі туындысына арналды. Табиғаттың төрт маусымын сипаттайтын, төрт бөлімнен тұратын бұл шығарма оркестрдің орындауында жаңа бояу, жаңа тыныс тапты.

Кештің айрықша сәнін келтірген солист, скрипкашы Елена Шутарева болды. Оның нәзік те әсерлі орындауы Вивальдидің музыкасына ерекше жылылық пен сезім сыйлады. Әр бөлімде табиғаттың мінезі мен маусымдық күйі шеберлікпен жеткізіліп, көрерменді терең әсерге бөледі.

74df594a-6623-4034-855f-cbad06f5e73e

Айта кетерлігі, филармония залы бұл кеште лық толы болды. Көрермендер оркестрдің әрбір орындауын зор ықыласпен тыңдап, ұзақ қол шапалақпен ризашылықтарын білдірді.

Өнер кешіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қатысып, ұжымның еңбегін жоғары бағалап, музыка сүйер қауымға шығармашылық шабыт пен рухани ләззат сыйлаған кешпен құттықтады.

6a42bb43-3891-46b9-b98e-385b80fea77f

Классикалық туындылардың сұлулығын паш еткен бұл концерт камералық оркестрдің жаңа маусымындағы жарқын бастамаға айналып, өнердің мәңгілік құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бекзат Қанәділ

Сурет авторы: Мәди Салық

Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале