Таяуда Орал қаласындағы тұрғын үй секторларының бірінде тұратын оқырман біздің редакцияға қоқыс контейнерлерінің айналасындағы санитарлық жағдайға қатысты шағымданды. Оның айтуынша, өзі тұратын тұрғын үй секторындағы қоқыс жәшіктерінің маңынан жиі жағымсыз иіс шығып, қалдықтар айналаға ретсіз жайылады.
«Қоқыс контейнерлерін тазалауға жауапты мекеменің белгіленген кесте бойынша жүйелі түрде қалдықтарды тиеп жатқанын көреміз. Соған қарамастан, контейнерлер тез толып қалады. Өйткені бұл аумақта халық саны өте көп, бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары және екі-үш бизнес нысаны қоқыстарын бір жерге шығарады. Бұралқы ит-мысықтар мен қарға-сауысқандар тасталған қоқыс пакеттерін жыртып, ішіндегісін жан-жаққа шашып тастайды. Ал олар желмен ұшып, айналаға тарайды. Сол себепті аумақты таза ұстау қиынға соғып тұр. Контейнерлерді жаңалап, қоршауға алып, олардың үстіне шатыр орнату үшін қарапайым тұрғындар кімге жүгіне алады, жалпы нендей әрекет істеу керек?» – дейді Иван Ларин көшесі, №2 үй мекенжайында тұратын Мижамал Акишева.

Оқырманның айтуынша, қала аумағында қоршауға алынған контейнерлерді кей жерлерде көруге болады. Алайда бұл шаһардың барлық аумағына тән жағдай емес. Шындығында, егер қаладағы қоқыс жәшіктері түгелдей жаңартылып, олардың айналасы қоршалса, аумақты таза ұстау оңайырақ болар ма еді? Бұл сауал Орал қаласындағы қоқыс алаңдарының жағдайы мен оны жақсарту мәселесіне және бір мәрте назар аудартуда. Ендеше, осы мәселеге жауапты мекемелердің көзқарасы қандай? Қоқыс жәшіктерін жаңарту, қоқыс контейнерлерінің айналасын қоршау және санитарлық жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылдануда? Осы сұрақтарға жауап іздеп, ең алдымен, «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне ресми сауал хат жолдадық. Сұрақтарымызға абаттандыру секторының бас маманы Миржан Шамуров жауап қатты.
– Орал қаласының аумағында қазіргі таңда 2271 қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер орналастырылған. Сонымен қатар 400 арнайы тор контейнер пластикалық бөтелкелерді жинау үшін орнатылған. Жиналған бөтелкелер қоқыс сұрыптау кешеніне жеткізіліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Қоқыс контейнерлерінің маңындағы санитарлық тазалыққа жауапты мекеме – «ОралТазаСервис» ЖШС. Бұл мекеме қоқыс жәшіктерін тазалау және шығару жұмыстарын арнайы бекітілген кестеге сәйкес жүргізеді. Қажеттілігіне қарай, қоқыс жәшіктері күн сайын, тіпті кейбірі күніне екі рет босатылады. Қаладағы қоқыс жәшіктері бөлім тарапынан сатып алынады, ал оларды белгіленген қоқыс алаңдарына орнату жұмыстарын «ОралТазаСервис» ЖШС жүзеге асырады. Қолданыстағы қоқыс жәшіктерінің жарамсыз болып қалуына байланысты оларды ауыстыру жұмыстары қажеттілікке қарай жүргізіледі. Бұған қоса, жаңа жабық қоқыс алаңдарын жасақтау бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады және тұрғындардың өтініштері негізінде қарастырылады. Қоқыс шығару, қоқыс жәшіктерінің жағдайына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «ОралТазаСервис» ЖШС-ның 21-39-82 нөміріне немесе 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады, – деген өз хатында Миржан Орынбасарұлы.
Маманның ықшам жауабынан жаңа жабық қоқыс алаңдарын қалыптастыру жұмыстарының нақты жоспарда бар-жоғын анықтай алмадық. Сол себепті мәселенің мән-жайын баяндап, «Орал Таза Сервис» ЖШС басшысы Рафхат Данағұловпен де кездесіп, пікірін білдік. Оның айтуынша, қолданыстағы қоқыс жәшіктері жарамсыз болып қалғандықтан, оларды ауыстыру жұмыстары қажеттілікке қарай ТКШ бөлімі тарапынан жүргізіледі. Қоқыс алаңдарындағы тазалыққа қатысты сұрақтарымызға ол былайша жауап берді:
– Қазіргі таңда қоқыс шығару кестесіне сәйкес қала аумағындағы әрбір қоқыс алаңы күн сайын бір рет тазаланады. Сенбі-жексенбі және мейрам күндеріне қарамастан, тұрмыстық қалдықтар күн сайын шығарылады. Сонымен қатар қалдықтардың көп жиналатын аумақтары бар. Әсіресе халық саны көп аудандар мен бизнес нысандары шоғырланған 10-нан астам мекенжайдан күніне екі рет шығарылады. Жалпы, күн сайын 270-300 тонна қоқыс тасымалданады.
Қоқыс алаңдары мен контейнерлер біздің мекеменің теңгерімінде емес, олар қалалық ТКШ құзырында. Ал біздің мекеме тарапынан жұмыс сапасын арттыру мақсатында екі-үш жыл бұрын қоқыс жинауға қатысатын барлық экипаждар смартфондармен қамтамасыз етілді. Олар қоқыс алаңына жеткен бойда тазалау жұмыстарының алдында және кейін фото түсірілім жасап, деректер базасына жүктейді. Осылайша кез келген уақытта тазалық жұмыстарының жүргізілген уақыты мен нәтижесін көруге болады. Осы тәсіл қоқыс жинау жұмыстарының жариялылығы мен сапасын қамтамасыз етіп, кез келген уақытта тазалықтың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, біз Миржан Орынбасарұлының хатында көрсетілгендей, «109» – бірыңғай байланыс орталығына да хабарласып көрдік. Аталған орталық облыс тұрғындарының өтініштерін қабылдап, коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруге жауапты. Байланыс орталығының операторымен сөйлескенде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, жолдарды жөндеу және басқа да мәселелер бойынша өтініштерді iKomek сервисінің WhatsApp мессенджері арқылы жолдауға болатынын білдік. Бұл жүйе азаматтардың өтінішін тиісті мекемелерге жеткізіп қана қоймай, мәселе шешімін тапқанға дейін бақылауда ұстайды. Ескірген қоқыс жәшіктерін ауыстыру үшін не істеу керектігін сұрағанымызда, оператор мәселені шешу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жазбаша өтініш жолдау қажеттігін айтты. Өтініште өтініш берушінің аты-жөні, байланыс деректері, мәселенің мән-жайы, уақыты мен күні, нақты мекенжайы, сондай-ақ бар болған жағдайда фото немесе бейнематериалдар көрсетілуі шарт. Бұл мәселе бойынша тиісті мекемелердің нақты қандай шаралар қабылдайтыны әзірге белгісіз. Алдағы уақытта аталмыш мәселені бақылауда ұстап, өзгеріс болса, оқырманға хабарлаймыз. Дегенмен, тұрғындардың белсенділігі мен өтініштері мәселенің шешімін табуына ықпал етуі мүмкін. Бұған қоса қаланың тазалығын сақтау тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның міндеті екенін ұмытпаған жөн. Қоқысты арнайы жәшіктерге салу, пакеттерді мықтап байлау, ірі көлемдегі қалдықтарды белгіленген орындарға шығару – әрбір тұрғынның парызы. Егер тұрғындар да өз үлестерін қосып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараса, қала тазалығы айтарлықтай жақсаратыны сөзсіз.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»